Алматыны жарықтандыру жұмысы жалғасып жатыр. 2025 жылдың алғашқы төрт айында жүздеген тірек орнатылып, ондаған шақырым электр желісі тартылды. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін арттыру үшін «Алматы Қала Жарық» МКК қала көшелері мен жол жиегін жарықтандырып, жаңалап жатыр. Кәсіпорын басшысы Игорь Мысик өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз турында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алматының сыртқы жарық жүйесін жаңарту мен кеңейту – қала әкімдігі алға қойып отырған ең басты міндет. 2025 жылдың алғашқы төрт айының өзінде 12 мыңнан астам жарық нүктесі жаңартылып, 450 тірек қойылып, 110 шақырым кабель желісі тартылған.

Қала әкімінің тапсырмасымен биыл жаяу жүргіншілердің жолы мен саябақтарға, жол жиегіне шамамен 5700 жарық орнатылды. Бұл тұрғындар мен қала қонақтары түнгі уақытта да жайлы әрі қауіпсіз жүруі үшін жасалған.

Әл-Фараби даңғылы бойында (Марков көшесінен Қожанов көшесіне дейін) жаяу жүргіншілерге арналған жаңа жарық желісінің құрылысы басталды. Мұнда да 147 тірек орнатылып, кабель төселіп, шам мен электр жүйесі іске қосылады.

Бұқар Жырау бульварында (Байтұрсынов көшесінен Есентай өзеніне дейін) істен шыққан 43 жарық тірегін де ауыстыруды қолға алды. Тәулік бойы істеліп жатқан жұмысты мамыр айының соңына таман аяқтамақ. «Алматы Қала Жарық» мекемесі мен Бостандық ауданы әкімдігіне тұрғындардың жолдаған өтінішінен соң осындай шешім қабылданған.

Қаланың жасыл желегіне зиян келтірмей, жолды дұрыстап жарықтандыру үшін орталық көшелерде 4 метрлік кронштейндер қолданып жатыр. Ол шамдарды ағаштың бұтағынан тыс жерге шығарып орнатады.

Мұндай шамдар:

  • Абылай хан даңғылында – 181 дана;
  • Наурызбай батыр көшесінде – 51 дана;
  • Абай даңғылында (Достық даңғылынан Биокомбинат көшесіне дейін) – 109 дана орнатылды.

Қазіргі уақытта орнату жұмыстары Биокомбинат көшесінен Саин көшесіне дейін жалғасып, тағы 300 кронштейн пайда болмақ.

Тұңғыш Президент саябағына қарсы беттегі Дулати көшесіндегі автотұрақтағы жарық жүйесі соған мысал. Мұнда 32 жерден жарық қойылып, қазір толық жұмыс істеп тұр. Бұл кешкісін қала тұрғындары серуендейтін жер.

Жетісу ауданы әкімдігінің сұранысы бойынша Үлкен Алматы каналы бойында ұзындығы 1,3 шақырым болатын жарық желісі салынып жатыр. Қазіргі таңда Жансүгіров көшесінен «Гүлдер» саябағына дейінгі бөлікте 21 тірек орнатылды. Бұл аумақта бұрын жарық мүлде болмаған.

Қаладағы жарығы нашар аумақтар да ретке келтіріліп жатыр. Мысалы, Әуезов пен Байзақов көшелерінің шығыс жағы ғана жарық болып, жол жиегі қараңғы болып тұратын. Енді батыс жағына қосымша 100-ге жуық шам қойылып, көлік жолы мен жолдың жиегі де жарық бола түсті.

Медеу ауданындағы көшелерде де ескі, көмескі жарық құралдары жаңа, қуатты шамдарға ауыстырылды:

  • Бұзырбаев көшесі – 6 дана;
  • Бәрібаев көшесі – 18 дана;
  • Абдуллиндер көшесі – 35 дана;
  • Қайырбеков көшесі – 28 дана;
  • Луганский көшесі – 60 дана.

2025 жылдағы ең үлкен жобаның бірі – Алматының негізгі 7 көшесінде жарық жүйесін толық жаңарту. Бұлар әл-Фараби, Төле би, Сейфуллин, Абай, Назарбаев, Әуезов пен Наурызбай батыр көшесі. Жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асатын бұл жобада 3 мыңға жуық жарық нүктесін және 1000-нан астам жаңа тірек орнату көзделген. Көше сонда бұрынғыдан екі есе жарық бола түседі.

2025 жылы «Алматы Қала Жарық» 1200 жаңа сыртқы жарық желісін салуды жоспарлап отыр. 2024 жылмен салыстырғанда бұл 10 есе көп. Мұндай жұмыстар Алматы қаласын қауіпсіз, жайлы әрі заманға сай етіп дамытады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ