Алматы қаласында «Бірлік диалогы: Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа бағдарлары» атты диалог алаңы өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Расул Ахметов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских, ҚХА мүшелері, белсенділер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында белгілеген міндеттері аясында ҚХА қызметін дамыту мәселесі болды.
Қатысушыларға алғы сөзін арнаған ҚХА Төрағасының орынбасары Расул Ахметов Ассамблеяның қазақстандық қоғамда бірлік, диалог пен келісімді нығайтудың басты институты болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі кездесу — тек пікір алмасу алаңы емес, сонымен қатар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа басымдықтарын іске асырудың нақты тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін нақты атап өтті. Бұл — заманауи сын-қатерлерге жауап болып, еліміздің біртұтас, мықты қоғамға ұмтылысын көрсететін маңызды стратегиялық қадам», — деді Расул Ахметов өз сөзінде.
Іс-шара аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских те сөз сөйледі. Ол тіл саясатына ерекше тоқталып, көптілді кеңістікті сақтап, дамыту маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте қазақ тілі біріктіруші рөл атқарса, өзге тілдер — еліміздің көпұлтты тарихына деген құрмет пен мәдени байлықтың факторы ретінде танылды.
Қатысушылар ҚХА-ның жаңартылған тұжырымдамасының негізгі бағыттарын да талқылап, азаматтық белсенділікті арттыру мен жергілікті жерлерде этномәдени бастамаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің қорытындысы ретінде қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының басты қағидаттарына — бейбітшілік, келісім, мәдени әралуандыққа құрмет және халық бірлігіне адалдығын растады. Олардың айтуынша, бұл алаң қоғам диалогын нығайтудың және Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді ескере отырып, ҚХА-ның ұзақмерзімді күн тәртібін қалыптастырудың тағы бір қадамы болды.