Соңғы жылдары Қазақстанда темекі шегетіндер саны 30%-ға азайған. Бұл — мемлекеттің және қоғамның шылым шегуге қарсы жүргізіп жатқан кешенді шараларының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Бұл жөнінде Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Роза Тәтиева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Оның айтуынша, темекіден бас тартқан жастардың қатары көбейіп келеді — олар спортқа ден қойып, шығармашылықпен айналысуға бет бұруда. Алайда, спикер вейп пен электронды темекіге әуестік артып жатқанын, бұл әсіресе жасөспірімдер арасында кең таралғанын ерекше атап өтті.

Алматыда қандай шаралар қолға алынуда?

Қалада никотин өнімдерінің таралуын тежеуге бағытталған бірқатар жүйелі бастамалар іске асырылуда:

  • Құқықтық бақылау шаралары күшейтілді

  • «Вейпсіз жастық» жобасы жүргізілуде — ата-аналар мен жастарға арналған ақпараттық кампаниялар ұйымдастырылуда

  • Вейп-дүкендер мен кальян-барларда рейдтер өткізіледі

  • Сауат ашу бағдарламалары іске қосылған

  • Қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 100-ден астам адамға айыппұл салынған

Сонымен қатар, темекіні тастауға ниетті азаматтар үшін еліміз бойынша 86 арнайы кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.

Никотиннің зияны: жасөспірімдер неге қауіпте?

Ғалымдардың пікірінше, никотин жасөспірімдердің ми қызметіне айтарлықтай кері әсер етеді:

  • Есте сақтау қабілетін әлсіретеді

  • Күйзеліске бейімділікті арттырады

  • Тәуелділікке тез әкеледі

Темекі мен вейптің басқа да зиянды салдары:

  • Жүрек-қан тамыр жүйесіне зақым келтіреді — никотин қан тамырларын тарылтады

  • Өкпе ауруларына әкеледі — созылмалы жөтел, бронхит, астма және ХОБЛ дамиды

  • Жүктілік кезінде гормондық теңгерімсіздіктерге ұрындырады

  • Иммунитет әлсірейді — темекі шегетіндер жиі ауырады

Кальян — қауіпсіз емес, керісінше, өте зиян

Жастар арасында кальянның зиянсыз екені туралы жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда сарапшылардың айтуынша, бір рет кальян шегу — 100 темекі тартуға тең. Оның түтінінде никотин, шайыр және ауыр металдардың мөлшері темекіден бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.

Сонымен бірге, жабық бөлмеде кальян шегу инфекциялық аурулардың таралуына себепкер болады, ал бір мүштікті бірнеше адамның қолдануы — жұқпалы дерттер үшін ашық есік.

«Кальян — бұл тек ағзаны улайтын құрал емес, сонымен қатар жастарды тәуелділікке итермелейтін әлеуметтік құбылыс. Ол темекіден де қауіпті», — дейді Роза Тәтиева.

Сарапшылардың пайымынша, зиянды әдеттен ерте бас тартқан сайын оған қайта оралу ықтималдығы азаяды. Сондықтан да, жастарға салауатты өмір салтын таңдауға мүмкіндік жасау — мемлекет пен қоғамның ортақ әрі маңызды міндеті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ