Алматыда жазғы демалыс пен шомылу маусымы басталмас бұрын балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала аумағында және тауға жақын маңайда 44 су айдыны бар, олардың 9-ы тұрғындар үшін қауіпті саналады.

«Су айдындарындағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында “Мамыр қаупі” жоспары жасалып, іске асырылып жатыр. Жоспар 25 алдын алу және ұйымдастырушылық іс-шараны қамтиды», – деді Есбол Сұлтанов.

2024 жылдан бастап қауіпті саналатын 7 орынға интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылған. Олардан түсетін бейнежазба тікелей құтқарушылардың компьютерлері мен ұялы құрылғыларына жіберіледі. Бұл — ереже бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 28 панфиловшылар саябағында «Бала қауіпсіздігі – басты мақсатымыз» атты кең ауқымды алдын алу шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты – балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйрету, құтқару қызметі мен арнайы техниканың жұмысымен таныстыру.

Жаз маусымы басталғалы бері полиция, құтқару қызметі және еріктілер бірлесе рейдтік шаралар өткізуде. Нәтижесінде су жағасында тәртіп бұзған 6 адам жауапқа тартылған. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары БАҚ-та, сауда орталықтарында, ХҚКО-ларда, кинотеатрларда, метро мен басқа да халық көп шоғырланатын орындарда жүргізіліп жатыр.

Алматы қаласының ТЖД тұрғындар мен қонақтарға келесі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді:

  • балаларды су маңында қараусыз қалдырмаңыз;

  • жүзу білмесеңіз, белден жоғары суға түспеңіз;

  • жағадан алысқа ұзамаңыз;

  • қайық, көпір, айлақтан суға секірмеңіз;

  • түнде суға түспеңіз;

  • субұрқақтарда шомылуға тыйым салынады.

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ