Алматыда әлеуметтік қолдауды күшейтіп, жұмыспен қамту бағдарламалары мен Еңбек мобильділігі орталығының жұмысына көп көңіл бөлініп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов осылай деп мәлімдеді.

Қаңтар мен шілде аралығында Еңбек мобильділігі орталығына 46 мыңнан астам алматылық жүгінсе, оның 38,6 мыңы жұмыссыз мәртебесін алған. Жұмыспен қамтуға байланысты белсенді іс-шараларға 24 447 адам тартылды.

Бастауыш кәсіпкерлер де қолдауға ие болды: 169 адам 1,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Оның 61,5%-ын көпбалалы отбасылар, қалғанын мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар құрады.

Кәсіби оқытудың маңызы зор: 5,2 мың адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы мен skills.enbek.kz платформасы арқылы оқудан өтті. 524 жұмыссыз азамат жаңа мамандық алып, міндетті түрде жұмысқа орналастырылды. Олардың 215-і оқу орталықтарында, 309-ы жұмыс берушілердің жұмыс орнында тәжірибеден өткен. Бағдарлы бағыттағы іс-шаралар 26 мың оқушыны, студентті және жұмыссызды қамтыды.

Инклюзивті ортаны дамыту аясында «JOBCOACH» жобасы іске қосылды. Ол мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырып, жұмысқа бейімделуге көмектеседі. 2025 жылы осы жобамен 300 адамды қамту, ал 2030 жылға дейін 4 200 ерекше қажеттілігі бар азаматты қолдау жоспарланып отыр.

Жастарға арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл — 35 жасқа дейінгі, мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ жоғары оқу орны түлектеріне арналған ақылы тағылымдама. Тәжірибе мерзімі – бір жылға дейін, ай сайынғы төлем – 30 АЕК (117 960 теңге). Жыл басынан бері бағдарламаға 361 жас қатысып, олардың көбі тәжірибе алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасқан. Алматыда жастарды жұмысқа орналастыру, кәсіби бағдар беру, кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсету мен коворкинг алаңдарын ұсыну бойынша 11 жастар комьюнити-орталығы жұмыс істейді.

2025 жылы Алматыда 22 497 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 11 400-і тұрақты жұмыс орны. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы 4,7%-дан 2025 жылдың бірінші тоқсанында 4,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. «Бұл — республикалық орташа көрсеткіш деңгейі», – деді басқарма басшысы Бауыржан Жаубасов.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ