Алматыда инженерлік инфрақұрылымды – су құбыры, кәріз, жылу жүйесі, электрмен жабдықтау, газ желілері мен көше жарығын жаңарту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Ақсай», «Ерменсай» суқабылдау құрылғылары салынуда және «Барлық» жобалануда. Бұл 245 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзындығы 34,9 км болатын Батыс коллекторының құрылысы аяқталуда, оның арқасында Алатау және Наурызбай аудандарының 150 мың тұрғыны орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.

Жаңғырту жылу желілерін де қамтиды: биыл 37 км құбыр жаңартылды, 17 коммуналдық қазандық жөндеу жұмысында. Электр және газ желілері жаңартылып, жеке желілер коммуналдық кәсіпорындардың балансына берілуде. Көше жарығына ерекше көңіл бөлінуде: 20 мыңнан астам жаңа шам орнатылып, жарықтандыру деңгейі екі есе артып, қаланың барлық көшелері жарықпен қамтылады.

«Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде және тұрақты бақылауда. Мақсатымыз – коммуналдық қызметтерді тұрақты, қолжетімді әрі заманауи ету», – деп атап өтті Алмасхан Сматлаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ