28 қыркүйекте Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі сөре – Almaty Marathon өтеді. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырып отырған жарыс биыл он төртінші рет Республика алаңынан басталып, 60-тан астам елден келген 16 000 атлетті біріктіреді. Осы жылы екі рекорд тіркелді: шетелдік қатысушылар саны 1200 адамнан асты, ал 42,2 км марафондық қашықтыққа 1500 жүгіруші өтінім берді. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында хабарланды.
Бағыт Республика алаңынан басталып, әл-Фараби даңғылы бойымен жалғасады. Бұл жерден әсем Іле-Алатауының көрінісі ашылады. Жол бойында Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ және қаланың тарихи маңызы зор басқа да көрікті орындары орналасқан. Жүгіру бірнеше қашықтықта өтеді: марафон 42,2 км, жартылай марафон 21,1 км, 10 км қашықтық және скандинавиялық жүріс 10 км. Корпоративтік командалар үшін «Экиден» эстафетасы ұйымдастырылады, онда марафон қашықтығы алты қатысушы арасында бөлінеді. Барлық мәрешілер естелік медаль алады, ал негізгі қашықтықтардың жеңімпаздарына ақшалай сертификат, медаль, мадақтама қағазы және бағалы сыйлықтар табысталады.
Almaty Marathon жыл сайын ауқымын да, қайырымдылық мақсаттарын да кеңейтіп келеді. Жұмысын бастаған күннен ақ қатысушылардың сөрелік жарналарынан түскен қаржының бір бөлігі балаларға арналған әлеуметтік жобаларға бағытталып келеді. Биыл «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры «AYALA» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Шымкент пен Түркістан облысындағы екі перинаталдық орталыққа 106 241 284 теңгеге арнайы диагностикалық құрал-жабдық тапсырды. Жалпы 14 жыл ішінде қор 370 миллион теңгеден астам сомаға жобаларды жүзеге асырды. Бұл жобалар нәрестелер арасындағы мүгедектік деңгейін төмендету, спортқа қолжетімділікті арттыру және ұлт денсаулығын нығайту мақсатында іске асырылады. Жаңа қайырымдылық бастамалары туралы ұйымдастырушылар жақын арада хабарлайды.
«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының сөрелері» – Қазақстандағы жалғыз марафондар, олар халықаралық марафондар мен жарыстар күнтізбесіне (AIMS) енген. AIMS – 115 елден 445 марафонды біріктіретін қауымдастық. Almaty Marathon – солардың ең ірісі әрі қор тарихының сөресі. Оның миссиясы – спортты баршаға қолжетімді әрі бұқаралық ету. Бұл шара адамдарды біріктіреді, туризмді дамытады, бизнесті қолдайды және елдің халықаралық аренадағы оң имиджін қалыптастырады. Биыл біз рекордтық көрсеткішке жеттік – 60-тан астам елден 1200-ден астам шетелдік қатысушы тіркелді», – деді қордың Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.
Almaty Marathon түркі марафондар сериясы TAN-ға кіреді, ал оның жарыс жолдары World Athletics ережелеріне сай сертификатталған. Марафон экологиялық сөреге де назар аударады: бір рет қолданылатын құрылымдарды азайтып, жергілікті компаниялармен бірлесіп қалдықтарды қайта өңдеуді жүзеге асырады. EcoNetWork серіктесі интерактивті экологиялық аймақ орнатады. Сөреде қатысушылар жылы немесе қажетсіз заттарын турникеттерге қалдыра алады, кейін «Тепло» жобасының командасы оларды жинап, сұрыптап, мұқтаж жандарға жеткізеді. Қайырымдылық экожобаны әрбір қала тұрғыны қолдай алады: арнайы бокстардың бірі Ботаникалық бақ кіреберісінде орнатылады.
Қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева былай деп атап өтті:
«Almaty Marathon бірнеше жылдан бері инклюзия деңгейі, ұйымдастыру сапасы және ауқымы бойынша көшбасшылық орнын сақтап келеді. Біз тек спорттық шара өткізіп қана қоймаймыз, адамдарды саналы түрде спортпен шұғылдануға тартамыз. A’SU Team by Almaty Marathon тегін жаттығулары жыл бойы өткізіледі, ал қыста 42,2 км-ге тіркелген марафоншылар үшін ашық топ жұмыс жасайды. Биылдан бастап біз Community Almaty Run атты апта сайынғы кездесулерді өткізе бастадық, онда бірге жүгіреміз, дәрістер тыңдаймыз және экологиядан бастап спортқа дейінгі түрлі тақырыптарды талқылаймыз. Марафон элита кластеріндегі кәсіби спортшыларға да, әуесқойларға да ашық, қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосады».
Қатысушылардың қауіпсіздігін Алматы қалалық полиция департаменты өкілдері, жарыстың бас дәрігері және ұйымдастырушылар командасы қатысатын Оқиғаларды басқару орталығы қамтамасыз етеді. Барлық қашықтық бойында 10 веломедик, 90 медициналық волонтёр, 13 медициналық бекет және 12 жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді. Сөре-мәре қалашығында қызыл және сары аймақтарға бөлінген арнайы мәрелік госпиталь орнатылады. Жалпы 70-тен астам дәрігер мен орта буын мамандары тартылады.
Қатысушылар мен көрермендердің жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін дәстүрлі түрде бүкіл қашықтықта тамақтану және су ішу бекеттері, сақтау камералары мен киім ауыстыру орындары жұмыс істейді. Биылдан бастап қосымша ана мен балаға арналған бөлме, толық гигиеналық құралдармен жабдықталған әйелдерге арналған әжетханалар және алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әжетханалар қолжетімді болады.
Қатысушы болсын, жанкүйер болсын – марафон барлық жандар үшін тең ерекше әрі жайлы өтеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ