Алматы экономикасы тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жиынтық бюджет кірістері алғаш рет тарихта 2,3 трлн теңгеден асады деп күтілуде. Қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, мұндай нәтижеге жоғары іскерлік белсенділік, инвестициялар көлемінің ұлғаюы, салық түсімдерінің артуы және шағын және орта бизнестің белсенді қатысуы есебінен қол жеткізілді.
Бұл туралы әкім орынбасары Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтты.
Алматыда барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалады. Негізгі өсім драйверлері — құрылыс (+37,7 %), көлік және логистика (+24,7 %), өңдеу өнеркәсібі (+15 %), сондай-ақ сауда (+7,5 %) мен байланыс қызметтері (+3,8 %). Жыл қорытындысы бойынша экономиканың 6,4 % деңгейінде өсуі күтілуде.
2025 жылдың 9 айында жергілікті бюджеттің кірістері 1,6 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3 %-ға артты. Негізгі үлес корпоративтік табыс салығына (501 млрд теңге, +10,3 %), жеке табыс салығына (618 млрд теңге, +24,3 %) және әлеуметтік салыққа (323 млрд теңге, +23,4 %) тиесілі. Әсіресе шағын бизнестің үлесі елеулі — 670 млрд теңге салық (+30 %), ірі бизнес — 492 млрд теңге (+17 %), орта бизнес өткен жылғы деңгейін сақтап қалды.
Алматы еліміздің жетекші инвестициялық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 1,5 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,7 %-ға көп. Жеке инвестициялар 4,7 %-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеге жетті. Жыл соңына дейін негізгі капиталға инвестиция көлемін 2,3 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда. Олжас Смағұловтың айтуынша, бұл көрсеткіш қала үшін абсолюттік рекорд болмақ.
Қазір Алматыда жалпы құны 3,6 трлн теңгеден асатын 189 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 33 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2025 жылы жалпы құны 485 млрд теңге болатын 30 ірі жоба іске қосылып, алдағы айларда шамамен 7 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Әкім орынбасарының айтуынша, инвесторларды қолдаудың негізгі құралдарының бірі – Өңірлік инвестициялық штаб. Маусым мен қазан аралығында штабтың 7 отырысы өткізіліп, жалпы сомасы 1,4 трлн теңге болатын 73 жоба қаралды. Оның ішінде 65 жобаға қолдау көрсетілді, нәтижесінде 16,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалардың 45-і қазақстандық инвесторлардың, ал 20-сы шетелдік серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
«Штаб отырыстарында басты назар практикалық мәселелерге аударылады: жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым тарту, келісу рәсімдерін жеделдету. Яғни, біз мәселелерді қағаз жүзінде емес, нақты шешеміз – инвесторға қолайлы жұмыс жағдайын қалыптастырамыз», – деп түйіндеді Олжас Смағұлов.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ