Контейнерде сауда жасаудың дәуірі бітіп, Алматы ыңғайлы әрі ашық базар форматына көшкелі жатыр. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай деп мәлімдеді.
«Келер жылдан бастап жаңа заңнамаға сәйкес қаладағы бар базар осы заманғы сауда форматына көшуі тиіс. Контейнерде сауда жасаудың дәуірі осымен бітеді. 2026 жылдан бастап барлығы заң талабына сәйкес жаңа форматта жұмыс істеуге көшеді. Бұны сатушылар үшін ғана емес, барлық тұрғындар мен тұтынушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырып жатырмыз», – дейді Олжас Смағұлов.
Бүгінде қалада 29 базар толық жаңғыртылып, жаңа құрылыстар салынып, инфрақұрылымы жаңартылған. Тағы 21 базарда жаңғырту жұмысы жүріп жатыр, олар 2026 жылдың соңына дейін аяқталып қалады. Ескі «Жібек Жолы» базарының орнына жаңа иесі осы заманғы тұрғын үй кешені мен сауда орталығын салғалы отыр.
Жалпы, соңғы жылдары Алматыда базарлардың жалпы саны 59-дан 51-ге дейін қысқарды, оның ішінде төрт базар сауда орталықтарына бейімделіп қайта ашылды.
Қала әкімдігі кәсіпкерлердің алаңдаушылығын түсінеді. Жаңғыртудан кейін жалдау бағасының өсуі – табыс арттыру ниетінен емес, қайта базарларды жылумен, сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, санитарлық жағдайлар мен абаттандыру шығындарының өсуімен байланысты. Жаңғырту кезеңінде жалға алушыларға жеңілдікпен уақытша сауда орындары беріледі.
«Біз әр базар басшылығымен жеке жұмыс істеп жатырмыз. Оларға нақты тапсырма қойылған – кәсіпкерлер жұмыссыз қалмауы керек. Егер базарда жаңғырту жұмыстары жүріп жатса, біз уақытша сауда орындарымен қамтамасыз етіп, олардың жұмысының тоқтамауын қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік тұрақтылық – біздің басты басымдылығымыз. Жаңғырту жұмыстары тоқтамайды. Бұл жерде әкімдіктің ұстанымы өте қатаң болады. Жаңғырту жұмыстарын жүргізбеген базарлар заң аясында айыппұл арқалайды. Тіпті жабылуға дейін баруы мүмкін», – деп түйіндеді қала әкімінің орынбасары.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ