Алматыда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) пен тұрғын үй көмегін алатындарға тауарлық газға ваучерді белсендіру арқылы 31,8%-ға дейін жеңілдік алуға мүмкіндік беретін «Әлеуметтік әмиян» атты цифрлық сервис іске қосылды.

«Әлеуметтік әмиян» – атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алатындарға арналған eGov Mobile қосымшасындағы сервис. Оның көмегімен азаматтар смартфон арқылы электронды ваучер түрінде тауарлық газға жеңілдікті ала алады»,- деп түсіндірді QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры Ақылбай Сапаров.

Бұл былтырғы желтоқсаннан биылғы сәуірге дейін біраз жерде сәтімен іске асқан пилоттық жобаның жалғасы. Оны 9,4 мыңнан астам адам пайдаланған.

Алматы қаласында халыққа арналған тариф бойынша 1 текше метр газ 43,99 теңге болады, ваучермен оның бағасы 29,98 теңгеге дейін арзандамақ.

Ақылбай Сапаров бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді:

«АӘК пен тұрғын үй көмегін алатындарға әр айдың 10-ынан бастап 1414 нөмірінен ваучер туралы SMS-хабарлама келеді. Оны 25-іне дейін «Әлеуметтік әмиян» қосымшасындағы «Газ және отын» бөлімінде жеке шотты көрсетіп, іске қосасыз. Жеңілдік түбіртекте жазылған», – деді ол.

Жаңа сервис мынандай мүмкіндік береді:

  • жеңілдікті онлайн түрде алып, қағазбастылықтан құтқарады;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен QazaqGaz Aimaq компаниясының базасымен автоматты түрде сәйкестендіреді;
  • қателікті болдырмайды, процесті ашық әрі жедел етеді.

Бұл жоба – энергия ресурстары қымбаттап жатқан кезде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдап, әлеуметтік саланы цифрландыруды көздейтін мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі.

Алматыда әлеуметтік көмек алатын 224 отбасының 70-і ваучерді іске қосты, бұл 31% деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ маркетинг және цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Дауржан Дарбозов.

«Әлеуметтік әмиян – бұл жай ғана жеңілдік емес, бұл көмекті әділ әрі саналы түрде бөлудің құралы. Отбасы ваучерді өзі іске қосып, түбіртекте жеңілдік көлемін көргенде, мемлекеттің қолдауын кәдімгідей сезінеді. Сонымен қатар, қазірге едйін газға қосылуға берген өтініштің 71%-ы онлайн түрде түсіп отыр, 5,5 мыңнан астам клиент eDogovor порталы арқылы электрондық келісім-шарт жасасты. Мемлекеттік деректер базасымен бірігудің арқасында жеңілдікті ешқандай қателіксіз, кезексіз береді», – деді ол.

Сонымен қатар, компания өкілдері газды пайдаланған кезде қауіпсіздікке қатты көңіл бөлу керектігін қайтара еске салды:

  • газ құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз;
  • тартысын үнемі тексеріп, үйді желдетіп отырыңыз;
  • пешті жылыту үшін пайдаланбаңыз;
  • газдың иісі шықса, дереу кранды жауып, бөлмені желдетіп, 104 нөмірі арқылы апаттық қызметті шақыру керек.

«Тұтынушылар өздеріндегі газ жүйесі мен жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге келісім-шарт жасауы тиіс. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін арнаулы мамандарға, аттестаты бар ұйымның көмегіне жүгінгеніңіз жөн», – деп атап өтті Ақылбай Сапаров.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ