Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы психиатриялық және психологиялық көмектің сапасын арттырып жатыр. Биылғы 9 айда мамандар мыңдаған өтініш қабылдап, жаңа тәсілдерді енгізіп, еңбек терапиясын кеңейтіп, қызметпен қамтуды арттырған.

Мұны психиатриялық көмекті барынша осы заманға лайықтап, тиімді әрі ашық ету үшін қолға алған. Алматы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев Өңірлік коммуникациялар қызметінде профилактикалық және оңалту жұмысының қорытындысын таныстырды. Брифинг жыл сайын 10 қазанда аталып өтетін Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай өтті.

Орталық депрессия, мазасыздық, күйзеліс, ПТСР (посттравматикалық стресс бұзылысы), тәуелділік және жасөспірімдер мен ересектердегі мінез-құлықтың ауытқуы сияқты мәселелер бойынша кәсіби көмек ұсынады. Барлық маман тұрақты түрде оқытылып, үнемі біліктілігін арттырып отырады. Бұл халықты ғылыми негізделген көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған. Орталықтың барлық қызметі тегін әрі құпия ұсталады.

Негізгі бағыттардың бірі – еңбек терапиясы. Бұл созылмалы дерті бар науқастардың қалпына келуіне, елмен араласып, етене байланыс жасауына жақсы көмектеседі. Орталықта тігін цехы, баспахана, қорап шығаратын өндіріс жұмыс істейді. Мұнда балалар мен медициналық киім, мата сөмкелер, төсек жабдығы тігіледі. Науқастар көкөніс те өсіріп, оларды қажеттілігіне қарай пайдаланады. Наркологиялық бөлімшедегі еңбек терапиясына шеберханалар, сурет салу, компьютерлік курстар кіреді. Балалар бөлімінде арт-терапия, құммен сурет салу, театр сабағы мен аспаз үйірмесі де бар. Бұл балалардың өзіндегі қабілетті ұштап, қоғамға бейімделуіне жәрдемдеседі.

Қоғамның психикалық денсаулыққа деген көзқарасын өзгерту үшін орталық тынбай жұмыс істеп жатыр. Мысалы, «психиатриялық есеп» термині ресми түрде «динамикалық бақылау» деп өзгертілді. Бұл емдеудің жаңа тәсілі деген сөз. Бақылауға алу туралы шешімді дәрігер немесе комиссия ауруы асқынып, дерт меңдеген жағдайда ғана қабылдайды. Биылғы 9 айда 480 адам бақылаудан алынған. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 71 адамға көп. Бұған сауығу, тұрақты ремиссия немесе басқа өңірге көшу себеп болған.

Пациенттердің туыстарына қолдау көрсету мақсатында Қазақстанда теңдесі жоқ «Психикалық білім беру мектебі» құрылды. Мұнда күтім, мүгедектікті рәсімдеу және құқықтық қорғау мәселелері бойынша заңгерлер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер тегін кеңес береді. Орталық ҮЕҰ-лармен ынтымақтасып, психиатриялық көмекті қалалық емханаларға да енгізіп жатыр. Онда психологтар мен психиатрлар қарайды. Бұл дертті ерте анықтап, уақытылы емдеуге мүмкіндік береді.

Диагностикаға да ерекше көңіл бөлінген: орталықта клиникалық зерттеулер жүргізілетін, бағалау жасалатын және жаңа көмек әдістері әзірленетін психологиялық зертхана да жұмыс істейді.

Тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны (376-56-60 және 8 708-983-28-63) арқылы 2025 жылдың 9 айында 5 315 қоңырау қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Қоңыраудың басым бөлігі – отбасыдағы кикілжің, ата-аналар мен балалардың арасындағы қатынас, мазасызданып, күйзеліске ұшырағандардан түскен. Сонымен қатар, жалғыздық, мүгедектікті рәсімдеу, ем алу мен қолдау табу тақырыптары да жиі көтеріліп тұрады. Қоңырау шалғандардың барлығына кәсіби көмек көрсетілді.

Орталықтың мақсаты – пациенттің құқығын қорғап, жағдайын жақсартып, қоғамда психикалық денсаулыққа деген құрметті көзқарас қалыптастыру.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ