2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда 2025 жылдың 18 шілдесінде қол қойылған жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл салық реформасының маңызды кезеңі болып табылады, оның мақсаты – салық жүйесін азаматтар мен бизнес үшін ашық, әділ және ыңғайлы ету.
Салық режимдерін оңайлату, есептілікті қысқарту, басым салалар үшін салық ставкаларын төмендету, әкімшілендіруде жеңілдіктер және мүлік пен акциз салықтарына қатысты жаңа ережелер туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшылары айтып өтті.
2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді, ол елдегі салық салуға деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Реформа аясында салық режимдері оңайлатылады: жеті арнайы режимнің орнына тек үшеуі қалады – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін (ЖК тіркеусіз, айлық табысы 300 АЕК-ке дейін), шағын бизнес үшін (жеңілдетілген декларация негізінде, жылдық айналым лимиті 600 000 АЕК және ставкасы 4%) және шаруа қожалықтары үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының 4%-ы мөлшерінде бірыңғай салық төлейді, оған барлық міндетті төлемдер кіреді, есеп тапсырудың қажеті жоқ – барлығы мобильдік қосымша арқылы жүзеге асады.
Салық есептілігінің көлемі де айтарлықтай азаяды: 39 нысанның 12-сі жойылады, кейбірі біріктіріледі. Жүйе салықтың сомасы мен төлеу мерзімін автоматты түрде көрсетіп отырады. Егер есеп уақытылы тапсырылмаса, ол айыппұл салусыз нөлдік болып есептеледі және кейін түзету енгізуге мүмкіндік беріледі.
Негізгі салықтар бойынша да өзгерістер бар. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде қалады, бірақ жеңілдіктер енгізіледі: ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін – 3%, әлеуметтік сала үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылдан бастап 10%. Банктер мен ойын бизнесі 25% төлейді. Жеке табыс салығы прогрессивті болады – табыс деңгейіне қарай 10% және 15%, ал базалық шегерім 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Мүгедектер мен Ұлы Отан соғысы қатысушыларына әлеуметтік жеңілдіктер 5 000 АЕК-ке дейін белгіленді. Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16%-ға дейін өседі, бірақ дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтер үшін төмендетілген 5% мөлшерлеме сақталады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі – 10 000 АЕК, бұл 2026 жылы бұл 43,2 млн теңгеге тең.
Әкімшілендіру де түбегейлі өзгереді: жоспарлы тексерістер алынып тасталады, ал тәуекелдерді басқару жүйесі алдын алу режиміне көшеді – салық органдары бұзушылықтар туралы емес, сәйкессіздіктер туралы хабарлама жібереді, оларды өз еркімен түзетуге мүмкіндік беріледі.
Акциздерге қатысты да өзгерістер бар: алкоголь мен темекіге акциз мөлшерлемесі жыл сайын 10%-ға өседі, энергетикалық сусындарға жаңа акциз енгізіледі (1 литрге 100 теңге). Ескі автокөліктерге салық төмендетіледі: пайдалану мерзімі 20 жылдан асса – 50%-ға, 10 жылдан асса – 30%-ға. Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер сомасы 300 АЕК-тен аспаса, есеп тапсырудың қажеті жоқ, декларация тек жыл қорытындысы бойынша ұсынылады.
Жаңа Салық кодексі ашықтық қағидатын бекітеді: әрбір салық төлеуші не үшін салық төлейтінін нақты білуі тиіс, ал мемлекет әділ әрі ашық ережелерді қамтамасыз етуге міндетті. Даулы жағдай туындаған кезде азамат салық органдарының әрекетіне түсініктеме алуға немесе шағым беруге құқылы. Туындауы мүмкін келіспеушіліктерге қарамастан, заңға қол қойылып, ол күшіне енеді, ал мемлекеттің міндеті – оны бизнес пен азаматтар үшін тиімді әрі ауыртпалықсыз түрде іске асыру.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ