Алматы қаласында ауаның сапасын арттыру және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр: жылу электр орталықтарын жаңарту, жеке тұрғын үйлерді газбен қамту, көлік шығарындыларын азайту және ауаның сапасын автоматты бақылау жүйесін енгізу.
«Экологиялық жағдайды жақсарту – біздің басты мақсатымыз. Бұл бағыттағы шаралар қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті спикер.
ЖЭО жаңғырту – маңызды қадам. Қаланың энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту экологиялық жағдайға тікелей ықпал етеді. 2017 жылы ЖЭО-1 толық газға ауыстырылған болатын, бүгінде ЖЭО-2-де кең көлемді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. 2022–2026 жылдарға арналған жоба аяқталған соң, жыл сайынғы зиянды шығарындылар көлемі 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін қысқарады.
Газдандыру деңгейі – 99,4 пайыз. Алматыда жеке секторды газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Қалалық газ желілерінің ұзындығы 6 мың шақырымнан асады, соңғы жылдары тағы 24 шақырым жаңа желі тартылды. Наурызбай ауданында газ құбырларының құрылысы аяқталған соң, шамамен үш мың тұрғын және бірнеше жаңа тұрғын үй кешені газға қосылатын болатын.
Қазіргі таңда қала бойынша 99,4% үй газға қосылған. Барлығы 907 үйде бұл жұмыс аяқталмаған, оның ішінде 716 үйде желі дайын, ал қалғандары магистральдан алыс орналасқан.
Көлік шығарындыларына бақылау күшейтілді. Алматыда 706 мыңнан астам көлік тіркелген. Бұдан бөлек, күн сайын қалаға шамамен 400 мыңға жуық сырттан келген көлік қатынайды. Бұл ауа сапасына елеулі әсер етеді.
Қаладағы 19 экологиялық постта полиция және экология қызметкерлері бірлесіп тексеріс жүргізеді. Биылғы 9 айда 18 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 355 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
«Кей көліктер әлі де ауаны ластап жатыр. Мұндай жағдайды болдырмау үшін көлік иелері техникалық қызметке дер кезінде жүгінгені жөн. Таза ауа – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», – деді спикер.
Ауаны қорғаудың жаңа ережелері әзірленіп жатыр. Қалада атмосфераны қорғаудың жаңа қағидалары дайындалды. Құжатта шығарындыларды бақылау, зиянды заттардың мөлшерін азайту, төмен ластану аймақтарын құру және ауа сапасын үздіксіз қадағалау қарастырылған.
Бұл бастама арқылы ескі және дизельді көліктерден шығатын қалдықтар азайып, тұрғындар нақты уақыт режимінде ауа сапасы туралы ақпаратқа қол жеткізе алады.
Алматының жаңа экологиялық жол картасы. Қалада экологиялық жағдайды жақсартуға арналған жаңа «Жол картасы» қабылданды. Құжатта тоғыз негізгі бағыт бар, соның ішінде:
- ЖЭО-3-ті жаңғырту;
- қала құрылысына жел бағытын ескере отырып өзгерістер енгізу;
- ластанған аудандарды көгалдандыру;
- жасыл желектерді есепке алуды цифрландыру;
- дизельді көліктерден біртіндеп бас тарту;
- техникалық байқауда шығарындыларды тексеру жүйесін енгізу;
- тұрмыстық қалдықтарды басқару;
- Үлкен Алматы өзенін тазарту жұмыстары.
Қала әкімдігі экологиялық қоғамдастықтың қатысуымен үш жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатыр. Құжат жобасы 2025 жылғы 10 қарашаға дейін «Қоршаған орта жағдайының ұлттық деректер базасында» (https://ndbecology.gov.kz/) ашық талқыланады.
«Тұрғындар мен экологтар өз ұсыныстарын 10 қарашаға дейін жолдай алады», – деді Департамент басшысы
Ауаны автоматты бақылау жүйесі іске қосылды. Ірі кәсіпорындардан шығатын қалдықтарды нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеп тұр. Әр 20 минут сайын жүйе деректерді ұлттық базаға жібереді. Қазіргі уақытта «АлЭС» кәсіпорындарының мәліметтері тұрақты түрде талдануда.
«Экологиялық ахуалды жақсарту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекет, бизнес және әр тұрғын өз үлесін қосқанда ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Алматының таза ауасы – біздің болашағымыз», - деді Лесбеков
ЖЭО-ларды жаңарту, газдандыру, көлік шығарындыларын азайту және цифрлық бақылау жүйесін енгізу - Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған басты шаралар. Қала таза әрі жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыру жолында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ