Алматы қаласында «Қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» атты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жылу электр орталығын жаңарту қаланың энергиямен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін төмендетпей, атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып, мегаполистің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Құрылыс барысы туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Экология департаменті мен «АлЭС» АҚ өкілдері баяндады.

Жобаны іске асыру үшін жаңғыртудың барлық кезеңдерін қамтитын егжей-тегжейлі жол картасы әзірленіп, бекітілген. EPC-шарт бойынша жұмыстардың жалпы мерзімі – 39 ай, яғни 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. 21 бөлімнен тұратын жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды. Сондай-ақ биыл қаладағы 85 қазандықтың 17-сі жаңғыртылып, зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

«Қаламыздың экологиясын жақсарту мақсатында 2025 жылы қуаты шағын 17 қазандықты қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл жұмыстар қаланы дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асырылды. Қайта құру кезінде заманауи жабдықтар орнатылды. Оттық құрылғылары модуляциялық типте болды, яғни жану процесін біртіндеп реттеуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде зиянды шығарындылар көлемі азайды. Сондай-ақ жоғары тиімділік коэффициентімен жұмыс істейтін жаңа үлгіде қазандық агрегаттары қолданылды, бұл 1 Гкал жылу өндіруге жұмсалатын энергия ресурстарын азайтуға мүмкіндік берді», – деді «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС-нің бас инженері Павел Леденцов.

ЖЭО-2 құрылыс алаңында барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Қазір станцияның негізгі нысандарында құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Газды дайындау пунктінде жабдық орнату жұмыстары жүргізілсе, су дайындау нысанында іргетастар, қабырғалар мен колонналар тұрғызылуда.

Су жылытқыш қазандықта анкерлік тіректерді орнату және металл конструкцияларын жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Релелік қалқан ғимаратында қабырғалар мен жабындарды арматуралау жұмыстары жүргізілуде, содан кейін іске қосу-реттеу кезеңі басталады. 220 кВ КРУЭ қосалқы станциясында жоғары кернеулі жабдықтың іргетастарын арматуралау жүргізілуде.

Бас корпусында бұрғылап орнатылған свайларды бетондау жұмыстарының көп бөлігі аяқталып, DSM-свайлардың үштен бірі дайындалды. Үш газ турбинасына арналған алаңдар әзір. Екі турбина генераторларымен бірге орнатылып үлгерді, үшіншісін алдағы айларда орнату жоспарлануда. Сондай-ақ темірбетон іргетастар тұрғызылып, бу-газ қондырғылары мен когенерациялық турбиналарды орнатуға дайындық жүріп жатыр.

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту – қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Жоба толық іске асқаннан кейін станция қала тұрғындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін айтарлықтай азайтады. Бұл Қазақстанның экологиялық мақсаттарына қол жеткізуге және алматылықтардың өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ