Әуезов ауданында қосымша оқу орындарын ашу мен қолданыстағы білім беру мекемелерін жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Абзал Егембердиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Ауданда қазір 56 мектеп жұмыс істейді, онда 59 мыңнан астам оқушы білім алады. Дегенмен әлі де 5 мың орын тапшы. Оны азайту мақсатында мектептерді жаңалап, кеңейтіп, қосымша ғимараттар салу жағы қолға алынған. Атап айтқанда, №13, №72 және №158 мектепке арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, бұл олардың сыйымдылығын 2 136 орынға арттыруға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, №42 және №1 мектепке сәйкесінше 300 және 400 орындық қосымша ғимараттар салу жоспарланған.

Әуезов ауданының әкімі мектепке дейінгі білім беру саласындағы жағдай туралы да баяндады. Ауданда 47 мемлекеттік және 104 жеке балабақша жұмыс істейді, жалпы қамту 18 мың баланы құрайды. Орын тапшылығын азайту мақсатында 160 және 120 орындық екі балабақша салынып бітуге жақын қалды. Тағы үш балабақшаның құрылыс және жобалау жұмыстары басталмақ. Оның ішінде №52 «Арай» балабақшасының сыйымдылығын арттырып, №58 «Ақниет» балабақшасын жаңғырту қарастырылған.

Мұндай жүйелі жұмыс Әуезов ауданының тұрғындарын қолжетімді және осы заманғы білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ