Ағымдағы жылдың 13-14 қараша күндері Мемлекеттік қуыршақ театры қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі тұңғыш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатпақ. Қазақ балалар әдебиетінің үздік туындылары қатарында өзіндік жаңаша бағыт пен терең астарлы тақырыптарды қамтыған әйгілі шығарма енді қуыршақ театры сахнасында қайта жаңғырмақ.
Жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, қаймағы бұзылмаған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бұл туынды арқылы талай жас өскін ізгілік пен кереғарлықтың, еркіндік пен еркеліктің ара-жігін айырып, адамдықтың ақ жолын таңдауға үйренді.
Қуыршақ театры сахнасына лайықтап, қайта түрлендірген инсценировка авторы – жас драматург Дамир Амантай, ал спектакльдің режиссері – қуыршақ театры өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, түрлі жанрдағы спектакльдерді сахналап жүрген Еркебұлан Қабдыл.
Еркебұлан Қабдыл: «...Жаңа спектакльде көрерменге бұрыннан таныс Қожаның бейнесі жаңаша қырынан ашылады. Оның тентектігі мен еркелігінің астарында жатқан адамгершілік, қамқорлық және таза сезім нәзік түрде көрініс табады. Қожаның Жанарға деген риясыз сүйіспеншілігі, Жантасқа деген жанашырлығы мен әділдікке ұмтылысы арқылы шығарманың басты идеясы – балалық пен адамдықтың үйлесімі – сахнада көркем қуыршақ тілімен әсерлі жеткізіледі...» - дейді режиссер.
«Менің атым Қожа» – қазақ әдебиетінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазынасы. Бұл туындының қуыршақ театры сахнасында жаңаша түрленуі – ұлттық мәдениет пен заманауи өнердің тоғысуының айқын көрінісі. Спектакль жас көрерменге өмірдің мәнін, адамдық пен ізгіліктің құндылығын ұқтырып, жүректерге жылылық ұялатады.
Мемлекеттік қуыршақ театры бұл спектакль арқылы көрермендерін Қожаның әлеміне саяхат жасап, балалықтың мөлдір сезімдері мен шынайы адамгершілік құндылықтарын қайта сезінуге шақырады.
Өтетін күні мен уақыты: 13 қараша 14:00, 14 қараша 14:30
Өтетін орны: Мемлекеттік қуыршақ театры, Пушкин к-сі, 63
Жас ерекшелігі: 9+
Тілі: қазақ
Ұзақтығы: 50 минут
Спектакльдің шығармашылық құрамы:
Режиссер: Еркебұлан Қабдыл;
Инсценировка авторы: Дамир Амантай;
Суретші: Юлия Чернова;
Композитор: Нұрсұлтан Төреәли;
Балетмейстер: Ринат Билибаев.
Спектакльдің артистің құрамы:
Қожа - Ерсұлтан Тезекбай;
Сұлтан - Дәулет Бақыт;
Жанар - Қаламқас Бекенова;
Жантас - Ернар Оралов;
Майқанова - Ханшайым Серікова;
Сәйбек қарт, Жұмағұл қарт - Мадияр Ұлдахан.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ