2025 жылдың алғашқы 10 айында Жетісу ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамытуды көздейтін үлкен жұмыс істеліп жатыр. Аудан тұрғындарын тұрақты әрі сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау, су бұру, жылумен қамту желілерін салу мен қайта құру жобалары іске асырылып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева осылай деді.
Су мен кәріз жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі – аудан дамуының басым бағытының бірі болып қала береді. Қазір 120-дан астам көшені қамтитын, ұзындығы 98 шақырым болатын инженерлік желі салуды көздейтін үлкен жоба жүзеге асып жатыр. 15 көшедегі су мен кәріз желілері пайдалануға беріліп, «Алматы Су» ШЖҚ МКК балансына өткізілді: оның ішінде 9 көшеде – сумен жабдықтау, 6 көшеде – су бұру желілері салынды.
Сонымен қатар, су мен кәріз желісі толық біткен тағы 12 көшені тапсырады.
Биыл да Рысқұлов – Сүйінбай – Райымбек – Тәтібеков көшесімен шектелген аумақтағы жобаны жүзеге асыру жалғасады. Жоба аясында 26 шақырым ішкі кварталдық инженерлік желінің құрылысы қарастырылған, оның 13,41 шақырымы – сумен жабдықтау, 12,23 шақырымы – су бұру жүйесі. Жоба басталғаннан бері 9,2 шақырым желі салынды, оның ішінде 5,8 шақырымы – су желісі, 3,4 шақырымы – кәріз желісі.
Бұған қоса, инженерлік коммуникациялар құрылысы аяқталған көшелерде жол жабындысын қалпына келтіріп жатыр. Қазір бес көшеге асфальт төселіп бітті, енді тағы осындай төрт көше қалды.
Сонымен қатар, «Алматы Су» ШЖҚ МКК жалпы ұзындығы 3,6 шақырым болатын су мен кәріз желісін қайта құратын алты жобаны іске асырмақ. Олар 2025 жылдың қараша айында бітеді. Айнабұлақ-1 шағынауданында да екі жылу желісін қайта жаңарту жобасы да аяқталу сатысында тұр.
Инженерлік желілердің кешенді дамуы Жетісу ауданының коммуналдық инфрақұрылымының сенімділігін едәуір арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ