Өңірлік коммуникациялар қызметі қалалық кітапхана жүйесінде жаңа форматтағы кітапханаларды дамытып, инновациялық технологияларды енгізуге арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Бірнеше кітапхананың басшысы журналистерге оқу залдарының осы заманғы креативті білім беру кеңістігіне айналып, тәулік бойы жұмыс істейтінін, қала тұрғындарына цифрлық сервис ұсынып, жайлы жағдай жасап жатқанын көрсетті.
Баспасөз турының басты мақсаты – Алматы кітапханаларының ашық әрі дамуға бет алған көпшілікке арналған ортаға айналып жатқанын көрсету болды. Журналистер үш филиалға - «Alatau Creative Hub», Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана мен Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына барды. Бұл алаңдар – замандық технологиялар мен бұқаралық мәдениеттің жаңа түрлері қалыптасып жатқанына үлкен мысал бола алады.
«Alatau Creative Hub» – Almaty Creative стратегиясы аясындағы ең табысты жобаның бірі. Ол 2020 жылдың 15 желтоқсанында Алатау ауданында барлық жастағы тұрғындарға арналған мәдени-білім беру орталығы мен коворкинг ретінде ашылған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап кітапхана тәулік бойы жұмыс істейтін, жылына 85 мыңнан астам адамды қабылдайтын тартымды орталыққа айналды. Мұнда қазір 20 тегін шығармашылық үйірме, мультимедиялық арт-студия мен IT-зертхана жұмыс істейді.
«Қаламызда осындай кітапханалардың барлығына ризамын. Алматыда олардың саны 28, бұл өте ыңғайлы – кез келген уақытта келіп, кітап оқып, сабаққа дайындалып, демалуға да болады. Маған әсіресе көркем әдебиет, соның ішінде классика ұнайды», – дейді 11-сынып оқушысы Диана Ергенова.
«Alatau Creative Hub»-та кітаптарды алып, қайтару үшін өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғылары орнатылған, сондай-ақ көзі нашар көретін адамдарға арналған арнаулы жұмыс орындары бар. Кітапханада RFID жүйесі енгізілген, ол оқырмандарға кітаптарды өз бетінше алып, тапсыруға мүмкіндік береді.
«Бұл қаладағы ең үлкен кітапхананың бірі, қорда 10 мың кітап бар, күн сайын 300–400 адам келеді мұнда. Демалыс аймақтары, ойын алаңдары мен 200 адамға арналған залы бар. Кітапхананы барлық адамға жайлы орта етіп жасақтадық», – дейді кітапхананың басшысы Сәуле Бабамұратова.
1974 жылы ашылған Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана кең ауқымды жаңғыртудан өтіп, былтырдан бастап тәулік бойы жұмыс істей бастады. Бұл келетіндердің санын да айтарлықтай арттырды. Қорда қазір 59 мыңнан астам кітап бар, жыл сайын 350 мыңнан астам адам келіп кетеді. Мұнда RFID жүйесі енгізілген, қорды цифрландыру жұмысы да қатар жүріп жатыр. 23 мыңнан астам басылымды да электрондық форматқа ауыстырып үлгеріпті.
«Кітапхана – жай ғана оқу орны емес. Өмір қайнап жатқан қоғамдық институт бұл. Бізде авторлық жобалар, мәдениет қайраткерлерімен кездесу мен әртүрлі үйірмелер өтіп тұрады. Көпшілік кітапхананың бүгінде қаншалықты танымал екенін көріп таңғалады. Тіпті түнде де келетіндер көп. Жастар білімге ұмтылады, әсіресе мотивациялық, қаржы тақырыбындағы кітаптар үлкен сұранысқа ие», – дейді кітапхана директоры Әлия Іңкәрбек.
Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы да осылардың қатарында тұр. 1976 жылы құрылған бұл кітапхана жаңғыртудан кейін осы заманғы open space үлгісіндегі оқу, қарым-қатынас пен шығармашылық даму кеңістігіне айналды. Ауданы 1200 шаршы метрден асса, орын саны 400-ге дейін ұлғайған. Мұнда жеке және топтық жұмыс аймақтары, Wi-Fi бар компьютерлер, қытай әдебиеті мен комикс бұрышына дейін бар.
Бұл кітапхана да «Almaty-library» жүйесіне қосылған, RFID жүйесін енгізіп, тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын 400-ден астам адам келеді. Сессия кезінде келіп-кететіндер бұдан екі-үш есеге көбейеді.
«Қазіргі кітапханалар жай ғана кітап сақтайтын орын емес, бұл – жұмыс істеп, оқып, байланыс жасауға арналған кеңістік. Біздің қорда 100 мыңға жуық кітап бар, оны үнемі толықтырып отырамыз. Тіл клубтарын, шығармашылық студиялар мен мәдени бұрыштар аштық. АҚШ Конгресінің кітапханасы да біз сияқты тәулік жұмыс бойы істемейді», – дейді кітапхана басшысы Бану Дәулетбаева.
Инновацияларды енгізу мен қалалық Мәдениет басқармасының қолдауының арқасында Алматы кітапханалары түрлі буын өкілдеріне тартымды ортаға айналып отыр. Өз-өзіне қызмет көрсету аппараттары, цифрлық каталогтар мен ыңғайлы кеңістіктер оларды баршаға заманға сай әрі қолжетімді еткен.
XXI ғасырдың кітапханасы – креатив пен технология ұштасқан, алыс-беріс жасайтын, шабыт беретін орта екенін Алматы өз ісімен дәлелдеп отыр.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ