Алматы қаласының Медеу ауданында сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.Ағымдағы жылдың соңына дейін аудан аумағындағы барлық көшелерде, соның ішінде орталық магистральдар, жекеменшік жерлер мен бау-бақша серіктестіктерінде де - толықтай жарықтандыру орнатылады. Бұл жөнінде аудан әкімі Еркебұлан Оразалин Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.

«Медеу ауданындағы жарықтандырылмаған көшелер мен бау-бақша серіктестіктерінде сыртқы жарықтандырудың жаңа желілерін салу» жобасы аясында 2 598 шам және 33 басқару шкафы орнатылуда. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда 114 учаскенің 100-інде құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды.

Сонымен қатар, тұрғын үйлердің қасбеттерін сәулеттік жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстар 75 үйді қамтиды: олардың 69-ында ағымдағы жөндеу жүргізілсе, 51 үй толықтай декоративті шамдармен жарықтандырылады.

Қасбеттерді жарықтандыру Әл-Фараби және Достық даңғылдарында, сондай-ақ Пушкин, Жолдасбеков және Райымбек батыр көшелерінде жүзеге асырылуда.

Аталған жұмыстардың жүзеге асырылуы Медеу ауданында көшелердің 100 пайыздық жарықтандырылуын қамтамасыз етіп, қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындар үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ