Алматы қаласының Медеу ауданы айтарлықтай өзгеріп келеді, көшелер жарықтанып, аулалар жайлы бола түсті, ал қоғамдық кеңістіктер өмірге толуда. Жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 60 аула аумағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылған аулаларда заманауи балалар және спорт алаңдары орнатылып, жаңа шамдар қойылды, ағаштар мен гүлзарлар егілді.

Бұрын сұр алаңқай болған орындар бүгінде балалар ойнап, отбасылар серуендейтін көрікті демалыс аймақтарына айналды. Аудан әкімі Еркебұлан Оразалин Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы жұмыстардың барысы туралы хабарлады.

«Халықтық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Тұрғындардың бастамасымен 17 аула мен 13 қоғамдық кеңістік жаңартылып, төрт аумаққа автосуару жүйелері орнатылды.

Сонымен қатар ағымдағы жөндеу жобалары аяқталды: Қарасай батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы мен Уәлиханов бульвары абаттандырылды. Жаңа жабын, декоративті элементтер мен жасыл аллеялар бұл көшелерге ерекше сән мен жайлылық берді. Бұдан бөлек, «Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының» маңындағы аумақты және «Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы» жазғы сахнаның қасбетін абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда ашық аспан астында концерттер мен кездесулер өткізуге арналған заманауи кеңістік құрылуда.

Бұл жобалар аудан тұрғындары үшін жаңа қоғамдық демалыс аймақтарын қалыптастырып, заманауи әрі жайлы қалалық орта құруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ