Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің қоғамдық бірлікті нығайту мен жастарды тәрбиелеудегі рөліне арналған брифинг болып өтті.

Алматы қаласы бойынша ҚХА төраға орынбасары Долқунтай Әлиев мейірімді, жауапты ұрпақ тәрбиелеу – барша азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізгі қағидаты болып қала бермек, ал елдің болашағын айқындайтын – жастар.

«Біз жүзден астам ұлт өкілі бір үлкен отбасыдай өмір сүріп, барлық қиындықты бірге еңсеріп келеміз. Бұл – Ассамблеяның ынтымаққа үндеп, бірлікті насихаттап келе жатқан еңбегінің де нәтижесі», - дейді ол.

Өз кезегінде Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Руслан Қалиоллаев ақсақалдардың мектеп пен жоғары оқу орындарының тәрбиелік бағдарламаларына белсендірек қатысқанын құп көреді. Оның айтуынша, аға буынның көрген-түйгені көп, сондықтан олар жастармен жиі кеңесіп, ой бөлісіп отыруы керек.

«Біздің қариялар жастарға отанды, мәдениетті, отбасын құрметтеудің маңызын жеткізсе, бұл қоғамның дамуына үлкен үлес қосқаны», - деді ол.

Долкунтай Әлиев ересектердің жеке басының тәрбиесіне де тоқталды. Оның айтуынша, тәрбие әрқашан ата-ана мен қоғамның мінез-құлқынан басталады.

«Бала үйде не көрсе, соны бойына сіңіріп өседі. Жастар саналы, мәдениетті болып өссін десек, оларға ең алдымен өзіміз үлгі болуымыз керек», - деді ол.

Ақсақалдар кеңесінің өкілдері Алматы қаласындағы мектептермен, колледждермен және қоғамдық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Әсіресе рухани, мәдени құндылықты дәріптеп, этносаралық келісімді нығайтуға көп көңіл бөлмек ойда.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ