Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында білім беру саласының мамандары қаладағы кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне инклюзияны енгізудің қазіргі жетістігі мен болашағы туралы баяндады.
Спикер ретінде инклюзивті білім беру әдіскері Гүлайым Стамбекова сөз сөйледі.
Айта кетейік, алматылық колледждер ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттердің кәсіби білім алуына жағдай жасап, инклюзивті тәсілдерді белсенді түрде енгізіп жатыр. Оқу бағдарламаларын бейімдеп, педагогтарды даярлап, қолжетімді орта құрып, жастардың тәжірибе алуына бағытталған мүмкіндіктерді кеңейту бағытында біраз жұмыс қолға алынған.
«Біздің міндетіміз – әр студенттің денсаулығына қарамастан сапалы білім алып, мамандығын еркін игеруіне жағдай жасау. Алматы инклюзивті оқытудың жүйелі моделін қалыптастырып жатыр, қазірдің өзінде соның жемісін көріп отырмыз», - деп атап өтті Гүлайым Стамбекова.
1995 жылдан бері арнаулы топтар жұмыс істейтін Алматы технология және флористика колледжі (АКТиФ) инклюзивті тәжірибені дамытып жүргендердің бірі. Осындағы Бейімдеу мен әлеуметтендіру жөніндегі ресурстық орталық 250-ден астам студентті қамтиды. Биыл колледжде «Тігінші» мамандығы бойынша Инклюзивті орталық ашылып, ол ерекше жастарды кәсіби даярлықтан өткізіп, жұмысқа орналасуына сеп болып отыр.
Спикердің айтуынша, негізгі міндеттің бірі – кадрлық әлеуетті арттыру.
«Колледждерге инклюзивті топтармен жұмыс істей алатын, студенттерді сүйемелдейтін және жұмыс берушілермен байланыс орната алатын мамандар қажет. Біз педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету үшін Арнаулы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен ынтымақтастықты күшейтіп жатырмыз», - дейді ол.
Сонымен қатар ол цифрлық технологияларды қашықтан және гибридті оқытуды енгізіп, мемлекеттік бағдарламамен инфрақұрылымды әрі қарай жаңғыртып, түлектерді жұмыспен қамту жағына көп көңіл бөлетінін айтады.
«Алматының кәсіби-техникалық білім беру жүйесіндегі инклюзия – бұл педагогтарды, студенттер мен жұмыс берушілерді біріктіріп, бәріне тең мүмкіндік беретін кешенді жұмыс», - деп қорытты Гүлайым Стамбекова.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ