Алматы толық инклюзивті қала құруға бет алды: қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігі артып, цифрлық инклюзия стандарты енгізіліп жатыр, әлеуметтік және оңалту қызметтері кеңейіп, жұмыспен қамту мен қолдау бағдарламаларының ауқымы да өсіп келеді.

Қала билігі мүгедектердің қажетті қызметті кедергісіз алып, қаланың өміріне еркін атсалысуына мүмкіндік беретін іс-шараларды қолға ала бастады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Аманат Сұлтанғазиев осылай дейді. Брифинг Халықаралық мүгедектер күніне арналды.

Инклюзивті ортаны қалыптастыру Алматыны 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді кезең жоспарына енген. Қалада инклюзивті ортаны дамытатын кеңес жұмыс істейді, инклюзия мәселелері бойынша әкімнің штаттан тыс кеңесшісінің рөлі де күшейтілді. Кеңес шешімдерінің негізінде «Алматы даму орталығы» АҚ құрылымында жаңа — Цифрлық инклюзия департаменті ашылды, ол болашақта барлық цифрлық өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін негізгі құралға айналмақ. Мамандар цифрлық ресурстарға аудит жүргізіп, әдістемелік материалдар әзірлеп, мүгедектігі бар пайдаланушылармен бірлесіп қызметтерді сынақтан өткізді. 2026 жылы цифрлық қолжетімділіктің бірыңғай стандарттары енгізіліп, қалалық сервистерге аудит жүргізбек.

Ерекше қажеттілігі барларды техникалық құралмен, оңалту қызметімен қамту маңызды бағыттың бірі болып қалды. Алматыда 58 мыңнан астам осындай азамат тұрады, оларды қолдауға арналған қаржыландыру жағы соңғы төрт жылда 5,5 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін артты. ТБҚ және қызметпен қамтылғандар саны 22 мыңнан 40 мың адамға дейін ұлғайып, биылдың өзінде 39 мыңнан астам адам Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті көмек алған. Тамыз айында (2025 ж.) құрылған арнаулы комиссия жеткізушілердің жұмысын бақылауды күшейтіп, жауапсыз компанияларды реестрден шығарып отырады. Келер жылы дәрігер мамандармен бірлесіп ТБҚ-ын жеке іріктеу жүйесін енгізіп, оңалту сапасы артады.

Қала ерекше қажеттілігі бар тұрғындарды инновациялық техникалық құралдармен қамтамасыз етуді де жалғастырды. Жоғары технологиялық бұйымдарға — жеке протездерге, осы заманғы арбаларға, есту аппараттары мен сөйлеу процессорларына 1,3 млрд теңге бөлінді. 277 адамның 154-інің қазірдің өзінде осындай құралдарға қолы жетіп отыр.

«Инватакси» қызметі де дамып келеді. Қаржыландыру артқандықтан автопарк 170 көлікке дейін көбейіп, «Яндекс таксимен» пилоттық әріптестік шеңберінде қызмет алушылар саны 2 мыңнан 3,4 мың адамға дейін өсті. Қызметке Даун синдромы бар балалар сияқты жаңа санат енгізіліп, 2026 жылдан бастап ауыр психикалық ауытқуы бар балалар да қамтылмақшы. Диспетчерлік қызметті автоматтандыру да қолға алынып жатыр, бұл бағыттарды сол уақытта бақылап отыруға мүмкіндік бермек.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту әлеуметтік интеграцияның негізгі элементінің бірі болып қала береді. Жыл басынан бері 1 609 адам қолдау алды: 300-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасты, 661 субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді, шамамен 600 адам оқытылып, 61 азамат бизнеске грант алды. Толық сүйемелдеу арқылы жұмыспен қамтуға көмектесетін жаңа «JOBCOACH» жобасы іске қосылды. Жобаның мамандары Алматыда оқып, Германияда тағылымдамадан өтті. 2030 жылға дейін жоба 4 200-ден астам адамды қамтығалы отыр.

Соңғы жылда 34 мыңнан астам нысанға құжат жасалып, оның ішінде тұрғын үйлер мен аялдама кешені бар, шамамен 5 мың нысан бейімделді. «Алматы даму орталығы» АҚ-ның Ситуациялық орталығымен бірлесіп бейімдеу барысына қатысты дерек inva.gov.kz порталында да енгізілді. Жаңа нысандарды жобалау кезінде міндетті болатын алғашқы өңірлік Қолжетімді орта қағидалары әзірленіп жатыр.

Арнаулы әлеуметтік қызметті 3,5 мыңнан астам адам алады, бұл саладағы барлық мекемелер мен ҮЕҰ толығымен лицензияланған және цифрландырылған, қызметкерлерге арнап ынталандыратын үстемақылар енгізілді. Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша ауқымды жұмыс басталып, ол 2026 жылы аяқталады. Алматыда халықаралық стандартқа сай 150 орындық замандық оңалту орталығын салынады, қазірдің өзінде үш жасқа дейінгі дамуында кемшілік бар балаларды қолдайтын бірегей Ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Ашылған сәттен бастап мұнда 3 мыңнан астам қызмет көрсетілді, диагностика мен сүйемелдеу «Тұмар Бала» платформасы арқылы жүргізіледі.

Инклюзияны дамытуға ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобалары да зор үлес қосып жатыр. Жыл сайын мүгедектігі бар 7 мыңнан астам адам иппотерапия, шығармашылық терапия мен басқа да бағдарламаларға қатысады. Балаларға арналған іс-шаралар мен экскурсиялар үнемі өтеді, желтоқсан айында Мүгедектер күніне орай мерекелік дастархан жайылды.

Алматыдағы инклюзивті ортаны дамыту жұмысы кешенді, жүйелі және ашық бола түсті. Қала әр тұрғынның денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, қалалық инфрақұрылымды еркін пайдаланып, сапалы қызмет алуына барынша жағдай жасап жатыр.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ