Алматыда қыс маусымында қауіпсіздікті күшейту мақсатында арнаулы техникалар паркі 1030 бірлікке дейін ұлғайып, көшені тазалауға 2700-ден астам жұмысшы тартылып, осы заманғы қар ерітетін пункттер іске қосылып жатыр, сондай-ақ «Алматы Тазалық» алғаш рет тәулік бойғы үш ауысымды жұмыс кестесіне өтті. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте хабарлады.

Алматыда алғашқы қар 4–5 қараша күндері жауып, соңғы жылдардағы ең қалың жауғаны осы болды: таулы аймақта қар қалыңдығы 50 см-ден асып, қалада шамамен 20 см-ге жетті. Аяз бен қалың қарға қарамастан, коммуналдық қызметтер негізгі магистральдар мен аула аумақтарын тездетіп тазалап шықты. 3 мың текше метрден астам қар шығарылып, көктайғаққа арналған 1,5 мың тоннадан астам материал қолданылды.

Әкімнің орынбасары биыл алғаш рет қар ерітетін станциялар іске қосылып отырғанын айтты. Бір пункт қазірдің өзінде Әуезов ауданында тәулігіне 1200 текше метрге дейінгі қарды ерітіп жатыр. Екіншісі Бостандық ауданында. Канадалық технология жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, тәулігіне 4 мың текше метр қар ерітуге мүмкіндік береді. 2026 жылы Медеу мен Алмалы аудандарында тағы осындай екі кешен іске қосылады.

«Алматы Тазалық» үшін бұл жыл айрықша кезең болды: кәсіпорын қызметкерлерінің саны 1560 адамнан 3169 адамға дейін өсіп, жол жұмысшыларының саны 638-ден 2 мың адамға дейін артты. 330 жаңа техниканың алынуына байланысты техника паркі де алғаш рет мың бірліктен асты. Жұмыс кестесі үш ауысымға көшіріліп, ол түнгі және таңғы тазалау жұмыстарын тұрақты жүргізуге мүмкіндік берді.

Қызметкерлерге де жағдай жасалды: модульдік пункттер салынды, өндірістік базалар жаңартылды, 112 орынды тұрғын үй бөлініп, сондай-ақ кәсіпорынның жаңа үй-жайына қосымша 262 төсек-орын қарастырылды.

«Біз ауа райына тәуелді бола алмаймыз. Қала кез келген уақытта жауған қарға дайын болуы тиіс. Қазір бәрі тәулік бойы жұмыс істейді, қар ерітетін жаңа станциялар да көшені тазарту жұмысын айтарлықтай жеделдетіп отыр», - деп атап өтті Алмасхан Сматлаев.

Ол сондай-ақ келер жылдан бастап қалада «бір аудан - бір мердігер» моделі енгізілетінін, бұл аудандық көшелерді тазалауда жауапкершілік пен жұмыстың сапасын арттыра түсуге мүмкіндік беретінін хабарлады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ