18 желтоқсан күні кешкісін Республика сарайының алдындағы Абай алаңы ерекше кейіпке енді. Бұл жерде Алматының басты жаңа жылдық шыршасының шамдары жағылып, қала тұрғындары үшін нағыз мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Жарқыраған мыңдаған шам, әсем әуен, қазақстандық өнерпаздардың концерті мен көптен күткен қар алматылықтарға мерекенің жақындағанын сездіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Бүгін шыршаның жағылуын көруге арнайы келдік. Ауа райы да тамаша, бәрі өте әсерлі. Безендіруі көңілден шығады, ертегідей әсер қалдырды. Әкімдікке рақмет — биылғы мерекелік көрініс ерекше. Қала тазалығы үшін коммуналдық қызметтердің еңбегін де атап өткім келеді», — деді алматылық ұстаз Саяна Отыншиева.
Мерекелік шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жиналған жұртпен бірге Жаңа жыл алдындағы қуанышты бөлісті. Биіктігі 22 метр болатын шырша кештің басты көркіне айналды. Оны безендіруге шамамен 7 шақырым гирлянда, сан алуан ойыншықтар, үлкен-кіші шарлар мен жарық композициялары қолданылды. Жасыл шырша бірден қала тұрғындары мен қонақтарының назарын өзіне аударды.
«Мәскеуден қызмет бабымен келген едік, бірақ мұндай жаңа жылдық атмосфераны көріп, бейжай қала алмадық. Адамдар отбасымен, достарымен серуендеп жүр. Барлығы шат-шадыман. Безендірілуі өте әдемі, өзімді жаңа жылдық хаттың ішінде жүргендей сезіндім», — деп әсерімен бөлісті Мәскеу тұрғыны Александра Улыбина.
Бұл кеште Абай алаңы бұрынғыдан да жарқырап, мерекелік шамдарға бөленді. Биыл алаңның безендірілуі ерекше мәнерде жасалып, қысқы ертегінің әсерін айқын көрсетті.
«Көңіл күй тамаша. Достарымызбен жиналып, мерекені бірге қарсы алып жатырмыз. Осындай әдемі безендіру мен жақсы ұйымдастыру үшін әкімдікке алғыс айтамыз», — деді студент Жарқын Маулетхан.
Қонақтарға арнап лазерлік шоу көрсетіліп, жаңа жылдық жәрмеңке ұйымдастырылды. Аяз ата мен Ақшақар балалармен кездесіп, ал ең кішкентай көрермендерді түрлі кейіпкерлердің костюміндегі аниматорлар қуантты. Сахнада Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Мади Рымбаев, «Жігіттер», «КешYOU» және «Astra» топтары өнер көрсетті.
Кештің сәнін жауған қар кіргізді. Қар астында алаң шаттыққа, күлкіге толып, қала тұрғындары Жаңа жылдың жақындағанын шын мәнінде сезінді.
Екатерина Потягина, Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі