Алматы қаласында Жаңа жыл қарсаңында Абай алаңында мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары, мегаполис қонақтары мен шетелдік туристер көптеп жиналды.

Кештің басты сахнасында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері, Тоқтар мен Бейбіт, «Меломан», «Ұлытау» және «КешYOU» топтары, Қуандық Рахым, Қосқанат пен Гаухар, Ұланғасыр Қами және Асет Есжан өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама ұлттық өнер мен заманауи музыканы үйлестіріп, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Іс-шара қонақтары өнерпаздардың өнерін тамашалап қана қоймай, ыстық сусындармен жылынды, жарқыраған жаңа жылдық инсталляциялар аясында естелік суретке түсіп, отбасымен және жақындарымен уақыт өткізді.

Алматы қаласының тұрғыны Роман Мустафаев алған әсерімен бөлісті:

«Біз бұл жерге жыл сайын келеміз. Мұнда әрдайым өте көңілді, балалар көп, әрі біздің шыршамыз ең әдемі. Қалада осындай мерекелердің ұйымдастырылатынын мақтан тұтуға болады. Алматыда демалып, уақытты мазмұнды өткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Қала әкімдігіне үлкен алғыс», — деді ол.

Абай алаңында өткен гала-концерт Алматыдағы жаңа жылдық мерекелердің жарқын бастамасына айналып, қала тұрғындары мен қонақтарына жылулық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ