Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұқбаты қоғамда кеңінен талқыланып жатыр Қазақстан халқы Ассамблеясының, жастар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерінің пікірінше, Мемлекет басшысы елді дамытудың басымдықтарын нақты айқындап, реформалардың күрделілігін ашық жеткізіп, Қазақстанның болашағы үшін азаматтарға, әсіресе жастарға үміт артып отырғанын айтқан.

Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі Долқунтай Әлиевтің айтуынша, сұқбат елдің экономикалық дамуының қазіргі кезеңін шынайы түсінуге мүмкіндік берген.

Оның сөзінше, Президенттің жетістіктермен қатар инфляцияны, қаржыландыруға қолжетімділік пен құрылымдық теңгерімсіздіктер сияқты экономиканың жүйелік шектеулерін де ашық айтқаны бизнес үшін маңызды. Ол бюджет тәртібіне басымдық беріліп, ойланбай ынталандырудан бас тартуға назар аударылғанын ерекше атап өтті, өйткені инфляциямен күрес халықтың табысын сақтаумен, орнықты өсіммен тығыз байланысты. Тарифтік саясат пен инфрақұрылымды дамытудағы байыпты тәсіл ұзақ мерзімді инвестициялар мен әділ реформаға негіз қалайды деп есептейді.

Алматы қаласындағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің төрайымы Анна Торосянның айтуынша, халықтың еңбекке, білім мен тәртіпке деген көзқарасы да елді дамытуға керек. Әсіресе жастарға ерекше мән берілген, себебі елдің болашағы соларға қарап тұр қазір. Президент тәртіпке бағынбайтын, жауапсыз қоғамның дамуға бейім еместігін, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызына ерекше тоқталған.
Қазақстан ұйғыр жастары одағы РҚБ төрағасы Рустам Қайрыев Президенттің сұқбаты реформаның қажеттілігін жан-жақты түсіндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, салық пен экономикалық өзгерістер уақытша нәрсе емес, оларды жүйені қайта жүктеу үшін ұсынып отыр. Президенттің күрделі шешімдерді қолға алу үшін бар жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін айтқаны да маңызды болды, себебі қай қоғам болсын реформаны оңай қабылдай бермейді. Сұқбатта энергетика мен коммуналдық саланы жаңғыртып, елдің логистикалық әлеуетін дамытып, ауыл шаруашылығы, туризм, жасанды интеллект пен ядролық энергетика тақырыптарын жаңа экономикалық модельге өтудің негізі ретінде бөліп көрсеткен. Рустам Қайрыев бұлар елді біртіндеп өзгеріске алып келетін, дамуға жетелейтін реформа екенін айтады.

Алматы қаласы ҚХА Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мұрад Шамилов бұл сұқбат Қазақстанды жаңғырудың алғышарты екенін айтты. Оның пікірінше, Президент жастарды ауқымды өзгерістің басты қозғаушы күші санап, соның басы-қасында болуға шақырып, оларға үлкен үміт артып отыр.
Жалпы алғанда, спикерлердің пікірі бір арнаға тоғысады: Президент «Turkistan» газетіне берген сұқбатында қорытынды жасап, көпшілікті алаңдатқан мәселелерге жауап беріп қана қоймай, елдің алдағы дамуын да айқындап берді. Бұл — күрделі жол, оның табысты болуы мемлекеттің жауапкершілігі мен қоғамның оны қолдауына да тікелей байланысты.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ