Алматыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал қалыпты деп бағаланады, жыл басталғалы бері коронавируспен ауырғандар тіркелген жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова осылай деді.
Спикердің айтуынша, былтыр Алматыда 314 рет коронавирус инфекциясын тапқан. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 13,6-ны құрап, былтырғы осы уақытпен салыстырғанда биыл 19 пайызға төмендепті. Ауырғандар вирус жұқтырғанын дәрігердің көмегіне жүгінген кезде білген.
«Науқастардың жас құрылымында 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым болып, 66,9 пайызды құрады. Сондай-ақ коронавирус инфекциясы 60 жастан асқан адамдар, еңбекке қабілетті жастағы азаматтар мен жасөспірімдер арасында да тіркелді. Бұл ретте ауыр асқыну мен сырқаттанушылықтың күрт өсуі байқалған жоқ. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі мектепке дейінгі жастағы балалар мен зейнеткерлер болды», – дейді Әсел Қалықова.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жағдайды бақылауды жалғастырып, тұрғындардан алдын алу жағына мән беруді сұрап отыр. Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында қорғаныш бетпердесін пайдаланып, мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармай, дене қызуы жоғары адамдармен байланыстан аулақ болу керек. Үй-жайды үнемі желдетіп, таза ұстап, қолды жиі жуып, антисептикалық құралдарды жиі қолданып отыру қажет. Респираторлық аурулардың белгілері пайда болған жағдайда бетперде тағып, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ