Алматыда қысқы спорт түрлері бойынша мемлекеттік мектеп жекеменшік мұз айдындарын ақысына жалға алудан бас тартып, мемлекеттік спорт нысанының базасына көшірілді. Бюджет шығындарын оңтайландырып, оқу-жаттығуды орталықтандыру мақсатында осындай шешім қабылданды.

Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында осылай деді.

Алдағы ақпан айынан бастап мектеп Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының базасында тегін жаттыға бастайды. Аталған нысан оқу-жаттығу барысын толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

«Мемлекеттік мектеп мемлекеттік нысанда жаттығуы тиіс деген тапсырма берілді. Былтыр жекеменшік мұз айдынын жалға алуға шамамен 150 миллион теңге жұмсалыпты. Енді біз Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайындағы «Олимпикте» тегін сырғанаймыз», – дейді Дархан Нұрханұлы.

Оның айтуынша, қазір Алматыдағы мұз ареналарындағы уақыт жетіспеу жағы да біртіндеп шешіліп жатыр екен.

«Алматы аренаны»» қазір көбіне концерт алаңы ретінде пайдаланып жүр ғой. Біз басқа елдер мен қалалардың тәжірибесін зерттеп, гибридті форматқа көшкен жөн деп таптық. Мұзды ерітпейміз: үш күн арена мұз жабынымен жұмыс істейді, қалған күндері концерт өте береді. Көп жерде солай істейді, бізде де жақсы нәтиже беріп отыр. Осы форматта екі концерттік іс-шара өткізілді, оған байланысты көрермендерден, ұйымдастырушылар мен техникалық қызметтер тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Аренаны осылай араластырып пайдалану мұздың сапасы мен келушілердің жайлылығына кері әсер етпей, спорттық және концерттік іс-шараларды тиімді үйлестіруге мүмкіндік бар екенін көрсетті», – деп атап өтті ол.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ