Алматыда қоғамдық кеңістіктерді абаттандырудың кешенді бағдарламасы іске аса бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев мәлімдеді.

Әкімнің орынбасарының айтуынша, қалада саябақтарды, жағалауларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып, қалалық ортаның сапасына қойылатын бірыңғай стандарттар да қалыптасып жатыр. «Мұнда адамның қауіпсіздігі мен жайлылығына өте көп көңіл бөлініп отыр», – деп атап өтті Алмасхан Сматлаев.

Тұңғыш Президент паркін кешенді абаттандыру да негізгі жобаның бірі болып отыр. Жоба аясында кіреберіс топтарын жаңартып, басты субұрқақты жыл бойы пайдаланатындай етіп қайта жаңғырту, балалар мен спорт алаңын салу, серуендейтін бағыттар мен демалыс аймақтарын дамыту көзделген.

Сонымен қатар, Есентай өзенінің жағалауы, Баум тоғайы, Геологтар аллеясы, сондай-ақ «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүзеге асып жатқан көшелер сияқты басқа да маңызды қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жағы қолға алынған. Абаттандыру, көгалдандыру мен жарықтандыруға байланысты барлық жобаны бірыңғай стандартпен орындап шыққалы отыр.

Брифинг барысында қалалық электр көлігін дамыту мәселесі де сөз болды. Әкімнің орынбасары троллейбус желісін жою жоспарда жоқ екенін айтты.

«Троллейбусты экологиялық таза, сенімді және әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік түрі ретінде сақтап қаламыз. Соңғы жылдары оның дамуына кәдімгідей көп ақша бөлініп, инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамын түгелдей жаңартып шықтық», – деп толықтырды Алмасхан Сматлаев.

Қаладағы экологиялық жағдайды ескере отырып, троллейбус жүйесін одан әрі дамыту жағы қарастырылып жатыр. Оның қатарында пайдалану тиімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңарту мен замандық технологиялық шешімдерді енгізу бар. «Біздің міндетіміз – тиімді жұмыс істеп тұрған нәрседен бас тарту емес, оларды қала мен тұрғындардың ұзақ мерзімді мүддесін ескере отырып дамыту», – деп қосты әкімнің орынбасары.

Брифинг соңында абаттандыру жұмысы кезінде аздап қолайсыздық болуы мүмкін екені де айтылды. Алайда барлық жұмысты бекітілген кестеге сәйкес, учаскелерді кезең-кезеңімен жауып, баламалы бағыттарды ұйымдастырып барып жүргізбек. «Қала кейін ұзақ жыл бойы осы жобалардың жемісін көреді. Бұл – Алматының орнықты дамуы мен болашағына салынған үлкен инвестиция», – деді сөз соңында Алмасхан Сматлаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ