Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алғашқы алаңдатарлық белгіден нәтижеге дейін» атты баспасөз конференциясы болып өтті. Бұл жолғы іс-шара ерте араласу орталығының мүмкіндіктеріне арналды.
Балаларға қай жастан бастап көмек көрсетілетіні, сүйемелдеу кімге қолайлы екені және жұмыстың нәтижесі қалай бағаланатыны туралы Ерте араласу әлеуметтік қызметтер орталығының директоры Нұрзия Әлімбекова айтып берді.
Спикердің айтуынша, бала туа салысымен орталықтың қызметіне жүгінуге болады. Негізінен үш жасқа дейінгі балаларды қабылдағанымен, кейде отбасы мен баланың қажеттілігіне қарай жеті жасқа дейін сүйемелдеуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, ертерек жүгінсе баланың дамуын уақтылы қолдап, алдағы қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді екен.
«Көмекке неғұрлым ерте жүгінсе, балаға көмектесу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Біз баламен туа салысымен жұмыс істейміз, дәл осы кезде біраз қиындықтың алдын алуға болады», – дейді Нұрзия Әлімбекова.
Орталық жұмысының маңызды ерекшелігі – медициналық диагноздың болуы міндетті емес. Егер баланың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында ата-анасын алаңдатарлықтай бір жағдайлар болып жатса, ресми мамандардың алдына бармай-ақ, олар осы жерден-ақ керекті кеңес пен қолдау ала алады.
«Кейде ата-анасы бір нәрсенің дұрыс емес екенін іштей сезеді, соның өзі бізге жүгінуге жеткілікті. Ол не болғанын түсініп, жағдай ушығып кетпей тұрып қолдау көрсетуге көмектеседі», – дейді орталық директоры.
Спикердің айтуынша, ерте араласу орталығындағы көмек дамытушы орталықтардағы сабақ пен медициналық көмектен өзгеше. Мұнда балаға ғана емес, ата-анасына да көңіл бөліп, жұмыс істейді. Мамандар ата-анаға балаға керек нәрсені түсіндіріп, ақыл қосады. Сол ұсыныстарды күнделікті өмірге енгізуге көмектеседі. Бұл бір реттік сабақ емес, жүйелі түрде сүйемелдеу.
«Отбасының күнделікті өмірінде осындай кеңестерге арқа сүйегені бізге өте маңызды. Оның тиімділігін формалды көрсеткіштермен емес, ата-аналардың өздері байқап отырған өзгерістер арқылы бағалаймыз. Балаға қарым-қатынас жасау жеңілдейді сонда, жаңа дағды қалыптасады, ересектер жағы да бұрынғыдай алаңдай бергенін қояды», – деп атап өтті Нұрзия Әлімбекова.
Орталық өз жұмысын отбасы мүшелерімен бірлесіп талқылап отырады. Қажет болған жағдайда көмек көрсету форматы түзетіліп, сүйемелдеу бала мен оның жақындарының сұранысына қарай өзгеріп отырады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ