Алматыда жаңа Салық кодексінің өтпелі ережесін түсіндіріп, биылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген арнаулы салық режимі туралы айтылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы осы тақырыпқа арналды. Онда Алматы қаласындағы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын бизнес пен шаруа қожалықтары үшін қандай өзгеріс болатынын және өтпелі кезеңде салық төлеушілер нені ескеруі керектігін жан-жақты түсіндіріп берді.

Жаңа Салық кодексі енгізілгенге дейін Қазақстанда жеті арнаулы салық режимі қолданылды, олардың қатарында патент, мобильді қосымша, оңайлатылған декларация, тіркелген шегерім, бөлшек салық пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған жекелеген режимдер болды. 2026 жылдан бастап жүйе оңтайландырылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі режим мен шаруа қожалықтарына арналған үш арнаулы салық режимі ғана қалады. Өзгерістердің мақсаты – салық салуды түсінікті ету, әкімшілік жүктемені азайтып, әлеуметтік қорғауға қолжетімділікті барынша кеңейту.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа арнаулы салық режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмыс күшін пайдаланбайтын және рұқсат етілген қызметпен айналысатын, табысы аз Қазақстан азаматтары мен қандастар қолдана алады. Айлық табыс 300 АЕК-тен (шамамен 1,3 млн теңге) аспауы тиіс. Бұл режим бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді, салықтық есептілік тапсырылмайды, жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0 пайыз деңгейінде белгіленген.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим барынша жеңілдетілген және табысы аз әрі тұрақсыз азаматтарға бағытталған. Жалғыз міндеттеме – табыстың 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлеу. Бұл зейнетақы жүйесін, медицина мен әлеуметтік сақтандыруды қолжетімді етеді. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтуды заңдастыру мен азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы маңызды қадам», – деп түсіндірді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру басқармасының басшысы Нұрлыбек Оспанов.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың барлық операциялары арнаулы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Онда чектер қалыптастырылады, табысы есепке алынып, әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеледі. Интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтіндер үшін жарналарды платформалар операторлары аударады. Байланыс қолжетімсіз елдімекендерде міндеттемелер ай қорытындысы бойынша орындалады.

Шағын және орта бизнес үшін оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі сақталып, жаңартылды. Оны жылдық табысы 600 мың АЕК-ке дейін (шамамен 2,6 млрд теңге) болатын, қызмет түрі тыйым салынған тізбеге кірмейтін салық төлеушілер қолдана алады. Режим жеке табыс салығы немесе корпоративтік табыс салығы бойынша 4 пайыз бірыңғай мөлшерлемені, қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатуды, сондай-ақ декларацияны жылына екі рет тапсырып, салықты екі рет төлеуді көздейді.

«Біз оңайлатылған декларацияны сақтап қалдық, бірақ оны бизнес үшін икемдірек әрі қолайлы еттік. Табыс шегінің жоғары болуы кәсіпкерлерге бизнесті бөлшектемей өсіруге мүмкіндік береді, еңбекақы қорын ескеру мүмкіндігі ресми жалақы төлеуді және жұмыспен қамтуды заңдастыруды ынталандырады», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Бақтыгүл Сейітова.

Шаруа қожалықтары үшін арнаулы режимді қолдану тәртібі негізінен сақталды. Бірыңғай жер салығы жойылғаннан кейін мұндай қожалықтар бұрынғы мөлшерлеме бойынша – табыстың 0,5 пайызы көлемінде жеке табыс салығын төлей береді. Олар мүлік салығы, көлік салығы, ҚҚС және әлеуметтік салықты қоса алғанда біраз салық түрінен босатылады, есептілікті жылына бір рет тапсырады. Салық төлеу ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдылығын ескере отырып, жылына екі рет жүзеге асырылады.

Баспасөз конференциясында жаңа режимдерге көшу тәртібі де түсіндірілді. Оңайлатылған декларацияны қолдану үшін 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық төлеушінің кабинеті, E-Salyq Business қосымшасы, банктің мобильді қосымшасы немесе қағаз нысан арқылы хабарлама беру қажет. Әйтпесе, салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстырылады. Бұрын патент немесе мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар басқа режимді таңдамаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден автоматты түрде шығарылады. Шаруа қожалықтарын хабарлама бермей-ақ автоматты түрде көшіреді.

«Өтпелі кезең салық төлеушілер жаңа ережелерге сабырмен әрі артық қиындықсыз бейімделуі үшін қарастырылған. Салық салу режимін уақытылы анықтап, қажет болған жағдайда хабарлама беру маңызды. Барлық өзгерістер рәсімдерді жеңілдетуге және анағұрлым түсінікті әрі әділ салық жүйесін қалыптастыруға бағытталған», – деп атап өтті департаментте.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жаңа талаптармен алдын ала танысып, тиісті салық режиміне көшу үшін қолжетімді цифрлық сервистерді пайдалануға шақырды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ