Алматыда 24 ақпан сағат 09:00-ден бері қар жауып жатыр. 25 ақпан сағат 08:00-дегі мәліметке сәйкес, жауған қардың қалыңдығы 17 сантиметрге жетті. Қар әлі тоқтаған жоқ. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты.
Көктайғақтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар жауа салысымен көше-жол желісіне мұзға қарсы материалдар себіліп жатыр.
Қар тазалау жұмыстарына айтарлықтай күш жұмылдырылған: 75 жедел бригада, 2710 жол қызметкері және 1225 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Қаланың магистральдық көшелерінде 203 аралас жол техникасы тартылған (ПР — 64 бірлік, «Эпока» — 69 бірлік, JetBroom — 13 бірлік). Түнгі сағат 01:00-ден бастап жол-патрульдік полицияның бақылауымен 26 колонна қарды жол жиегіне ысыру жұмыстарына кіріскен.
Сағат 02:00-ден бастап 95 бірлік шағын габаритті техника тротуарлар мен қоғамдық кеңістіктерді механикаландырылған тәсілмен тазалап жатыр. Сонымен қатар аялдамалар, жерасты және жерүсті өткелдері, баспалдақтар мен пандустар жұмысшылардың күшімен тазалануда.
Қала көшелері мен жолдардың жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қар толық тоқтап, ауа райы тұрақталғанға дейін жұмыстар үздіксіз жалғасады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ