Алматыда алғыс айту күні әр жастағы және түрлі көзқарастағы адамдардың басын қосатын мағыналы мерекеге айналып келе жатыр. Оның мәні, дәстүрі мен қала тұрғындарының оған қалай қатысатыны туралы Алматы қаласы ҚХА және Қоғамдық кеңес мүшесі Рустам Қайрыев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
Қазақстанда Алғыс айту күнін жыл сайын 1 наурызда атап өтеді. Биыл бұл мерекеге 10 жыл толып отыр. Ол 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында бекітіліп, бастапқыда күрделі тарихи кезеңдерде жер аударылған халықтарға көрсетілген қонақжайлық пен қолдауға бола қазақ халқына алғыс білдіретін ерекше күн ретінде қабылданған болатын.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының 2016 жылғы сол сессиясы есімде қалып қойыпты. Бұл мерекені құруды сол кезде ұсынған. Мен залда отырғанда, бұл шешімнің терең мәні бар екенін ұқтым. Он жылдан соң Алғыс айту күні осылайша қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналды», – дейді спикер.
Уақыт өте келе мерекенің мағынасы кеңейе түсті. Бүгінде бұл тек тарихи қолдау үшін ғана емес, күнделікті өмірдегі қарапайым адами қамқорлық, көмек пен ілтипат үшін де алғыс айтатын күн болып отыр.
«Тек ізгі адам ғана шынайы «рахмет» айта алады. Ата-анаға – өмір сыйлағаны үшін, ұстаздарға – білім бергені үшін, дәрігерлерге – денсаулық үшін, құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге – қауіпсіздігіміз үшін тәуекелге барғаны үшін, тіпті жай ғана жол беріп, есік ашып берген бейтаныс жанға да алғыс айту керек. Осындай қарапайым дүниелер қоғамдық келісімді нығайтып, адамдарды мейірімді ете түседі», – деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, Алғыс айту күні күнделікті өмірдегі сыпайылық пен өзара құрмет мәдениетін қайта жаңғыртуға ықпал етеді.
«Бізде орын беріп, есік ашып, көмектескені үшін бейтаныс адамдарға алғыс айту жағы сиреп кетті. Кейде қарапайым сыпайылықтың өзі дұрыс қабылданбай жатады. Бірақ осы мерекенің пайда болуымен алғыс айту мәдениеті қайта жанданып, қоғамға оң әсерін тигізіп отыр», – деді ол.
Мерекені насихаттауда жастардың рөлі ерекше. Ассамблея жастары жастар қанаты Алматыда жыл сайын «Алғыс қабырғасы» акциясын өткізеді.
«Біз «Алғыс қабырғасы» деген жазуы бар үлкен ақ баннер орнатып, қала тұрғындарына стикерлерге алғыс сөзін жазуды ұсынамыз. Кешке қарай қабырға толып кетеді сондай сөзге. Адамдар ата-анасына, дәрігерлерге, көршілеріне, тіпті бейтаныс жандарға алғыс айтады. Оның артында қаншама түрлі оқиға мен эмоция жатқанын көруге болады», – деді Рустам Қайрыев.
Алғашқы жылдары мереке көпшілікке онша сіңісе қоймай, оны Тәлімдік алғыс айту күнімен шатастырған жағдайлар да болған.
«Біз көшеде сауалнама жүргізіп, “Бүгін қандай күн екенін білесіз бе?” деп сұрадық. 99 пайызы дұрыс жауап береді. Бұл Алғыс айту күні адамдардың жүрегіне жетіп, мәдениетіміздің бір бөлігіне айналғанын көрсетеді», – деді.
Елімізде осы күні қайырымдылық және қоғамдық акция, жастар челленджі, этномәдени бірлестіктердің бастамасы ұйымдастырылады. Биыл «Мың алғыс», «Алғыс аукционы», «Қамқор» секілді жобалар жүзеге асып жатыр.
«Алғыс айту күні біз игі істер жасауға тырысып, баршаңызды соған атсалысуға шақырамыз. Дәл осындай кішкентай қадам үлкен қоғамдық келісімнің қалыптасуына түрткі болады», – деп түйіндеді Рустам Қайрыев.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ