Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алғыс айту күнінің маңызы, тарихи тамыры мен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Республикалық дүнген этномәдени орталығы» РҚБ төрағасының орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы, Еуразиялық технологиялық университетінің профессоры Римма Масырова осы мерекенің пәлсапасы туралы айтып берді.

1 наурызда атап өтетін бұл мереке ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалармен тығыз байланысты. Сол кезеңде Қазақстанға түрлі этнос өкілдері жер аударылды. Қазақ халқы барын беріп, оларды қабақ шытпай қарсы алды. Бұл өзара құрмет пен сенімнің, сондай-ақ ұлтаралық келісімнің бірегей моделінің қалыптасуына негіз болды. Бүгінде Алғыс айту күні Қазақстан халқының бірлігін, өткенге құрметі мен сыйластығын арттыратын мерекеге айналды.

«Алғыс айту күні — бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалған аға буын мен қазақ жеріне деген шынайы алғыс айтатын мереке. Ол тарихты құрметтеуді үйретеді. Жастар үшін бұл бірлік пен келісімді сақтап, нығайту қажет екенін еске салатын күн», — деп атап өтті Римма Масырова.

Оның айтуынша, бұл мереке ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ол мәдениеттер мен дәстүрлердің сан алуандығы Қазақстанның басты күші екенін көрсетеді, ал қарапайым алғыс сөздері адамдар арасындағы сенімді қалыптастырады.

«Қазақстанның күші — көптүрлілікте: біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Әртүрлі мәдениет пен дәстүр өкілдері бір-біріне “рахмет” пен “спасибо” дегенде, сенім артып, достық нығаяды. Нағыз біртұтас қоғам осылай қалыптасады», — деді спикер.

Алматыда Алғыс айту күнін атап өтудің өзіндік дәстүрлері қалыптасқан. Бұл — ұрпақтар кездесуі, жүрекжарды алғыс сөздері, қайырымдылық акциялары, концерттер мен қоғамдық диалогтар. Биыл мерекені өткізу форматтарын кеңейтіп, жастардың белсенді қатысуына ерекше назар аударылып отыр.

«Біз жастардың қатысуын интерактивті алаңдар, волонтерлік бастамалар және әлеуметтік акциялар арқылы күшейтіп келеміз. Бүгінде жастар мерекенің белсенді күші, олар бірлік идеяларын замандық форматтар мен цифрлық платформалар арқылы насихаттап жатыр. Қаланың әр тұрғыны өзінің ортақ іске қатыстылығын сезінуі керек», — деді Римма Масырова.

Сонымен қатар, ол ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған бастамаларды ерекше атап өтті: мейірімділік жобалары, тәлімгерлік, аға буынды қолдау және волонтерлік қызмет. Оның сөзінше, алғыс айту бір күнмен шектелмей, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып, сенім мен бірліктің берік негізі болуы тиіс.

Сөз соңында спикер Алғыс айту күні ел болашағына ортақ жауапкершілік идеясы төңірегінде барлық азаматтарды біріктіретінін атап өтіп, Қазақстан дүнгендері атынан аға буынға, еңбек ұжымдары мен жастарға олардың еңбегі, жігері мен жасампаздыққа ұмтылысы үшін алғыс білдірді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ