Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алғыс айту күніне, оның құндылықтары мен қала тұрғындарының оған атсалысуына арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Алматыдағы «Қазақстандық орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Всеволод Лукашев мерекенің мәні, тарихи маңызы мен келісімді нығайтудағы рөлі туралы айтып берді.

Алғыс айту күні 10 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орайластырылып бекітілген. Спикердің айтуынша, бұл мереке тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңімен және қиын жылдары бейбітшілік пен тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауда шешуші рөл атқарған Ассамблеямен тікелей байланысты. Алғыс айту күні қазір ең алдымен жастарға бағытталған үндеу ретінде қарастырылып, ел болашағын өзара құрмет пен ризашылық арқылы құрудың маңызын көрсетеді.

«Бұл мереке 10 жыл бұрын бекітіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне арналды. Дәл осы құрылым қазіргі Қазақстанның қалыптасуындағы ең күрделі кезеңдерде бейбітшілік пен тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауға атсалысты. Алғыс айту күнінің негізгі аудиториясы — әрине, жастар», — деп атап өтті Всеволод Лукашев.

Мерекенің философиясы да әр адамға түсінікті әрі қарапайым екенін айтты. Ол қасыңдағы адамдарға және елдің ортақ игілігіне күн сайын үлес қосып жүрген жандарға алғыс айта білу. Оның сөзінше, бұл — үйреншікті нәрселерге жаңаша қарап, бейбітшілік пен тұрақтылықтың өздігінен келмейтінін ұғынуға мүмкіндік береді.

«Бұл егемен Қазақстанды бірге құрып жатқанымыз үшін көршіңе алғыс айтуға себеп. Ата-анаға — тәрбие мен білім бергені үшін, дәрігерге — денсаулықты сақтағаны үшін, құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне — тыныштығымыз үшін алғыс білдіру. Бізге көбіне бәрі өздігінен болып жатқандай болып көрінеді, бірақ әр нәрсенің артында адам тұр», — дейді.

Сонымен қатар, Всеволод Лукашев қазақ халқы мен елімізде тұратын барлық этносқа деген тарихи алғыстың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өзара құрмет пен қолдау Қазақстанның тұрақты дамуының негізіне айналды.

«Бұл қоныс аудару кезеңінде түрлі этностарды қабылдаған қазақ халқына, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы иық тіресе өмір сүріп келе жатқан барлық халықтарға деген алғыс. Біз 35 жыл бойы бірге егемен Қазақстанды құрып келеміз және бейбітшілік пен келісімнің арқасында елдің қалай дамып жатқанын көріп отырмыз. Алғыс айту күні — жастарға болашақты қалай құру керек екендігін көрсететін үлгі», — деп түйіндеді ол.

Спикердің айтуынша, осындай мерекелер арқылы алғыс айту мәдениеті қалыптасады. Бұл мәдениет қоғамдық келісімді нығайтып, еліміздің ең басты жетістігі — бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ