Алғыс айту күні қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысқан баспасөз конференциясы болып өтті. «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ұйымын басқаратын Долқынтай Әлиев бұл мерекенің қоғамдық келісімді, ұлтаралық бірлікті нығайтудың және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды құралы екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл жай ғана дәстүрлі мереке емес, аға буыннан жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды жеткізуге ықпал ететін маңызды қоғамдық оқиға. Осындай іс-шаралар аясында жастарға заңға, еңбекке, отбасы мен мемлекетке құрметпен қараудың негіздері түсіндіріледі.
«Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасының рөліне ерекше мән беріледі. Ата-аналар мен үлкендер жастарға үлгі болып, ұлттық дәстүрге, мәдениет пен ел тарихына құрметпен қарауды үйренуі тиіс. Бүгінде дәстүрді сақтап қана қоймай, оларды заманға бейімдеу қажеттігі де туды. Сонда жастар ел өміріне белсене араласып, өздерінсіз іс бітпейтінін түсіне бастады», — дейді ол.
Сонымен қатар, Долқынтай Әлиев қоғамдық және мәдени іс-шаралар жастардың бойында жауапкершілік сезімін, азаматтық ұстанымды және жасампаз еңбекке ұмтылысты қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Оның пікірінше, дәл осындай жұмыстар арқылы бейбітшілікке ұмтылып, дамуға бет түзеген ұрпақ тәрбиелеуге болады.
«Бұл күн алғыс айтуды үйретеді. Ата-ананы, үлкенді, ұстаздар мен тәлімгерлерді қадірлеп, құрметтеу керек. Бізге қолдау көрсетіп, білім берген жандардың барлығы алғысқа лайықты», — деп түйіндеді ол өз сөзін.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ