Алматыда қоғам қайраткері Мейіржан Келемеденов 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында жастарға үндеу жасап, оларды жаңа Конституцияның жобасын қолдауға шақырды. Оның айтуынша, жаңартылған Ата заң елдің жас азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың болашағына берік негіз қалайды.
«Жаңа Конституцияда елдің болашағына, яғни жастарға ерекше мән берілген. Бүгінде сапалы білім алуға, лайықты еңбек етуге, құқықтар мен бостандықтарды қорғауға, өз ұстанымын ашық білдіруге жағдай жасалды. Бұл әділетті Қазақстанға бастайтын жол», — деді Келемеденов.
Қоғам қайраткері қоғам да өзгеріп, адамдардың да жаңарып жатқанын айтып, мемлекеттің құқықтық негізі де соған сай жетілуі тиіс екенін жеткізді. Оның пікірінше, реформалар уақыт талабынан туындаған.
Сондай-ақ, ол алматылықтар мен еліміздің барлық жастарын азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге қатысуға шақырды.
«15 наурыз күні әрқайсымыз таңдау жасауымыз керек. Біз болашақты бірге құрамыз сөйтіп. Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанға алып баратын осы өзгерістерді қоғам болып қолдауға шақырамын», — дейді спикер.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурыз күні еліміздің барлық өңірінде өтеді. Мемлекеттің дамуы мен демократиялық институттардың нығаюына мүдделі азаматтар дауыс беруге қатысады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ