Көпшілік тамақтанатын жерде заңнама мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаса ғана пропан-бутан газы бар баллондарды пайдалануға рұқсат етіледі.
Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов айтты.
Оның айтуынша, тұрмыстық газдың қауіптілігі жоғары. Сондықтан оны сақтау мен пайдалану нормативтік-құқықтық актімен реттеледі.
Газ баллондарын пайдалануға қойылатын шектеулер
«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 28-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, екі қабаттан жоғары көппәтерлі тұрғын үйде тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сақтау мен пайдалануға тыйым салынады.
Сондай-ақ 2017 жылғы 9 қазандағы ҚР Ішкі істер министрінің №673 бұйрығымен бекітілген газбен жабдықтау жүйелері нысандарының қауіпсіздік талаптарына сәйкес, жеке баллондық қондырғыларды мына жерлерде орналастыруға болмайды:
- тұрғын бөлме мен дәлізде;
- жертөледе, цоколь қабаты мен шатырда;
- қоғамдық тамақтану орындарының асхана немесе сауда залдарының үстінде немесе астында орналасқан бөлмеде;
- апат кезінде шығатын жолдың жанында;
- ғимараттың басты қасбеті жағында.
ТЖМ-мен келісу қажет пе?
ҚР құрылыс нормалары (СН РК 4.03-01-2011) бойынша баллондық қондырғылар өрт қауіпсіздігі талаптары ескерілген арнаулы жобаға сәйкес орналастырылуы тиіс.
Кейбір жағдайда ТЖМ-нің мемлекеттік өрт бақылау органдарымен келісу қажет болады. Бұл келесі жағдайларда талап етіледі:
- топтық баллондық қондырғы орнатылғанда (екі немесе одан көп баллон);
- газбен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту кезінде;
- нысан өрт қауіптілігі жоғары санатқа жатса;
- қауіпті өндірістік нысан тіркелсе немесе құрылса;
- нысан пайдалануға берілгенде.
Ал егер бір ғана тұрмыстық баллон пайдаланылып, ол жобада қарастырылған болса және нысан қауіпті өндірістік нысанға жатпаса, әдетте қосымша келісу керек емес.
Газ баллондарын қай жерде орналастыруға болады
Көпшілік тамақтанатын жердің ішінде тұрмыстық пропан-бутан баллондарын арнаулы талапты сақтамай пайдалануға болмайды.
Көбіне баллондар ғимараттың сыртында, металл шкафтың ішінде немесе арнайы жабдықталған алаңда орналастырылған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Рұқсат етілетін баллон саны
Қоғамдық тамақтану кәсіпорнының асханасында көлемі 50 литрге дейінгі бір ғана газ баллонын пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл жобалық құжаттамада көрсетіліп, барлық қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс.
Сонымен қатар келесі шектеулер бар:
- нысан екі қабаттан аспайтын жеке тұрған ғимарат болуы керек;
- баллондарды жертөле және цоколь қабаттарына орналастыруға болмайды;
- оларды асхана немесе тамақтану залдарының астында немесе үстінде орналастыруға тыйым салынады;
- бөлмеде табиғи жарық болуы тиіс.
Газ анализаторлары міндетті ме?
Қоғамдық тамақтану нысандарында газ анализаторлары мен газды автоматты түрде өшіру жүйелерін орнату — міндетті қауіпсіздік шарасы және ол жобада қарастырылуы тиіс.
Тұрғын пәтерлерде табиғи газ пайдаланылған жағдайда мұндай датчиктерді көбіне иелерінің ырқымен орнатады. Бірақ қоғамдық тамақтану орындары үшін бұл талап міндетті.
Желдету жүйесіне қойылатын талаптар
Қоғамдық тамақтану орындарында сұйытылған көмірсутекті газды (пропан-бутан) пайдаланған кезде желдету жүйесі жарылыс пен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы керек.
Міндетті талаптар:
- табиғи желдету — тұрақты ауа келуін қамтамасыз ететін табиғи тартылымы бар желдету арнасы;
- асханадағы жылу жабдықтарының үстінде механикалық сорғыш желдету жүйесі.
Кәсіпорында қандай құжаттар болуы тиіс
Жандос Қайырхановтың айтуынша, апаттық жағдайлардың жиі себептерінің бірі — газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау және техникалық қызмет көрсетудің болмауы.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 19-бабына сәйкес, газ жабдықтарының иелері:
- жабдықтың техникалық жағдайының жарамдылығын қамтамасыз етуге;
- газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету үшін газ тарату немесе мамандандырылған ұйыммен шарт жасасуға;
- газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану үшін жауапты тұлғаны тағайындауға;
- осы жауапты тұлғаның арнайы оқудан өтіп, білімін тексеруден өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар кәсіпорында есепке алу, нұсқама жүргізу және техникалық қызмет көрсету журналдары жүргізілуі тиіс.
Мамандардың айтуынша, бұл талаптарды сақтау — газдың шығуын, өрт пен жарылысты болдырмаудың, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері мен келушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.