Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері «Зерлеу» авторлық үйінде болып, қазақтың қолданбалы өнерінің ең сирек әрі нәзік бағытының бірі — алтын жіппен кестелеу өнерін қалай қайта жаңғыртып жатқанын көрді.

Шебер Айжан Әбдубаиттың студиясындағы алтын және күміс жіппен тігілген кестелер мен күрделі ою-өрнек алғаш көрген адамды таң қалдырып, дәл осы жерде өткен тарих пен қазіргі шақ түйісіп жатқандай әсер алады. Кезінде хандардың, билер мен сұлтандардың киімін дәл өстіп зерлеген.

Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған жылдары бұл бірегей өнер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Қаншама құпия-сыры ұмытылып, дәстүрдің өзі көмескілене бастаған еді. Алайда зерттеушілер мен осындай адамдардың арқасында бүгінгі күні ол қайта жаңғырып келеді.

Айжан Әбдубаит — дизайнер-реставратор, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «Жігер» фестивалінің лауреаты және осы салаға ондаған жылын арнаған санаулы шебердің бірі. Ол жарты өмірін осы алтын жіппен кестелеу өнерін зерттеп, оны қалпына келтіруге арнапты.

Оның айтуынша, ағаш өңдеу, зергерлік іс, тоқыма, киіз басу пен кілем тоқу сияқты қолданбалы өнердің түрі өте көп. Кесте өнерінің өзі де айқас тігістен бастап тегіс кестеге дейін сан алуан бағытты қамтиды екен. Әсіресе зерлеудің алар орны ерекше.

«Бұл — жойылып кетуге шақ қалған элиталық өнер. Ол халқымыздың мәдениетінің қаншалықты бай болғанын көрсетеді. Сондықтан мен өз өмірімді осы өнерді зерттеуге, насихаттауға арнадым», — дейді шебер.

Айжан Әбдубаиттың Жәңгір ханның жары Фатима ханшаның Бірінші Николайдың таққа отыру рәсіміне киген көйлегі мен камзолын қайта қалпына келтірген. Сондай-ақ ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірді жабатын кілем мен Жәңгір ханның әскери киімін қалпына келтірісіпті.

Ұлттық киім қазір мереке кезінде ғана киетін киім болудан қалып, қала өмірінің де ажырамас бөлігіне айналып бара жатыр.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі