Алматы Наурыз мейрамын қарсы алуға дайын. Қала келбеті жаңарып, орталық көшелер мен алаңдарда тақырыптық инсталляциялар орнатылып, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген баннерлер мен сәндік элементтер пайда болуда. Сауда орталықтарының витриналары мен қоғамдық кеңістіктер біртұтас стильде безендіріліп, қала тұрғындарына мерекенің жақындағанын айқын сезіндіруде.

Мерекелік онкүндік мазмұнды әрі ауқымды іс-шаралармен басталды. Соның бірі — жаппай күй орындау флешмобы. 11 500-ден астам жас домбырашы қазақтың классикалық күйлері мен заманауи шығармаларын бір мезетте орындап, мегаполисті алып концерт алаңына айналдырды. Бұл шара ұлттық мұраға деген құрметтің жарқын көрінісі болды.

Алматылықтар дәстүрлі «Көрісу күніне» — қауышу мен амандасу күніне де ерекше мән берді. Көктөбеде концерт ұйымдастырылып, қала тұрғындары бір-бірін көктемнің келуімен құттықтады.

Мерекелік көңіл-күй күнделікті өмірде де айқын байқалуда: мекеме қызметкерлері, бизнес өкілдері мен қала тұрғындары ұлттық киімдерді — камзол, шапан, тақияны жиі таңдап, ұлттық мәдениет пен дәстүрге деген құрметтерін білдіруде.

Бүгін кешке мерекелік бағдарлама ерекше форматта жалғасады — ұлттық киімдегі жаппай мұз айдынында сырғанау ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары белсенді демалып қана қоймай, жарқын мәдени іс-шараның бір бөлігіне айналады.

Алматы әкімдігі алдағы демалыс күндеріне арналған ауқымды мерекелік бағдарламаны жариялады. Қала тұрғындарын концерттер, жәрмеңкелер, этнофестивальдер мен халықтық серуендер күтуде.

Наурыз қарсаңында Алматы ерекше ырғақпен өмір сүріп жатыр — бұл кезең ұрпақтарды біріктіріп, ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, қалаға жылулық пен қуаныш сыйлайды.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі