Алматы арнаулы экономикалық және индустриялық аймақты дамытып жатыр. Қазіргі таңда олардың толымдылығы 90%-дан асып отыр. Индустриялық аймақтың екінші кезеңіндегі учаскелердің шамамен 80%-ын инвесторлардың жобаларына арнап қойған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жер қоры шектеулі болғандықтан қала инвестиция тартудың неғұрлым тиімді түріне көше бастапты.
«Әкімдік бөлінген әр гектар жерге кемінде 3 млрд теңге инвестиция тартылуы тиіс деп, нақты инвестициялық жоспар құрды. Біздің міндет — жоғары қосылған құны бар, осы заманғы жұмыс орындарын ашатын жоғары технологиялық өндірістерді тарту», — деп атап өтті Олжас Смағұлов.
Қазірг Индустриялық аймақтың екінші кезеңін іске асыру үшін жұмыс степ жатыр. Биылдың соңына дейін немесе келер жылдың басында 196 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде учаскелердің шамамен 80%-ын ірі инвестициялық жобаларға арнап резервке қойып қойыпты.
Бизнес тарапынан жоғары сұранысты ескере отырып, Индустриялық аймақты кеңейтудің үшінші кезеңі пысықталып жатыр. Ол аумақты қосымша 393 гектарға ұлғайтуды көздейді. Жер сатып алу мен дайындау жобасын іске асыру 2026–2028 жылға межеленіпті.
Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту үшін жаңа тәсілдер енгізіле бастады. Жаңартылған талаптарға сәйкес, олар екі қабатты форматта және бірыңғай сәулеттік стильде салынатын болады. Сондай-ақ салалық жіктеу енгізіліп, түстік аймақтарға бөлу жағы да қарастырылған.
Бұдан бөлек, «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағын дамыту жалғасып жатыр. Инвесторлардың қатты қызығып отырғандықтан оның аумағын кеңейтіп, 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін белгіленген мерзімін әлі де ұзарта түсуді ойластырып жатыр.
Сондай-ақ басым қызмет түрінің тізімі кеңейтіледі: қолданыстағы 33 бағытқа қосымша тағы 12 бағыт қосылады. Олардың қатарында білім беру, ұшқышсыз технология, ғылыми әзірлеме мен медиаөндіріс бар. Бұл алаңның инвестициялық тартымдылығын арттырып, Алматының инновациялар мен технологиялар орталығы ретіндегі позициясын күшейтуге мүмкіндік бермек.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі