Алматыда машина жасау, IT, фармацевтика, логистика мен тамақ өнеркәсібін қамтитын жалпы құны 1,2 трлн теңгеден асатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге аса бастады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов осылай деп мәлімдеді.
Олардың қатарында Orbis Manufacturing автозауытын іске қосу, Xianghe Zichen Auto Parts автокомпоненттер зауытын салу, Freedom Data Centers деректерді өңдеу орталығы, фармацевтикалық кәсіпорындар, Beta International тамақ өндірісі, сондай-ақ Wildberries ірі логистикалық орталығын ашу да бар.
«Маңызды жобаның бірі — “ПИТ “Алатау” арнаулы экономикалық аймағында салынатын Freedom Data Centers компаниясының деректерді өңдейтін осы заманғы орталығы. Нысан халықаралық сенімділік пен энергия тиімділігі стандартына сай болмақ. 480 серверлік тіректі орналастырып, 130 жаңа жұмыс орнын ашады. Жоба кезең-кезеңімен іске асады: бірінші кезеңі биыл аяқталса, екіншісі 2027 жылы бітеді. Бұл Алматының өңірлік IT-хаб ретіндегі позициясын нығайтады», — дейді Олжас Смағұлов.
Олжас Смағұловтың айтуынша, машина жасау мен автокөлік өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді.
«Индустриялық аймақта жылына 80 мың автокөлікке дейін өндіретін, инвестиция көлемі шамамен 100 млрд теңгені құрайтын Orbis Manufacturing автозауытын, сондай-ақ жылына 10 млн тежегіш жүйелері жиынтығын шығаратын Xianghe Zichen Auto Parts зауытын салынып жатыр. Бұл жобалар 1 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттырады», — деп атап өтті ол.
Фармацевтика саласындағы жобалар да дамып жатыр. “ПИТ Алатау” АЭА аумағында «АлтИНФАРМ» компаниясының иммунобиологиялық препараттар мен онкологиялық аурулар және қант диабетін емдеуге арналған дәрілер өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар түркиялық Nobel компаниясы белсенді фармацевтикалық ингредиенттер мен дайын дәрілік өнімдер шығаратын кешен ашпақ. Бұл жобалар 250-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттар өндірісін кеңейтеді.
Сонымен қатар Алматыда логистика мен тамақ өнеркәсібі де дамып келеді. Күзде ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries ірі логистикалық-тарату орталығын ашу жоспарланып отыр, онда шамамен 4 мың жұмыс орны құрылады. Индустриялық аймақта 30 млрд теңге инвестициямен шай, кофе, шоколад пасталары мен снек өнімдерін шығаратын Beta International кәсіпорны салынып жатыр.
Барлық жобаны Алматы әкімі төрағалық ететін Өңірлік инвестициялық штаб үйлестіріп отырады. Бұл алаңда инвесторларға құқықтық қолдау көрсетіліп, рәсімдерді жедел келісу қамтамасыз етіледі.
«Штаб әр жобаны мүмкіндігінше жылдам әрі тиімді іске асыру үшін барлық кезеңде жан-жақты сүйемелдеп отырады», — деп қосты Олжас Смағұлов.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құрып, өнеркәсіп, IT және фармацевтика саласын дамытып, Алматының Орталық Азиядағы іскерлік және инвестициялық орталық ретіндегі позициясын нығайтады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі