Бостандық ауданында биыл инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртатын ауқымды бағдарлама қолға алынды: 99 шақырым сумен жабдықтайтын және су бұратын желілер салынып, 154 шақырым электр желісі жаңғыртылады, жылу мен газ желісі де қайта жаңарып, оқыс оқиғаның алдын алуға бағытталған біраз жоба іске асқалы отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков осылай деді. Оның айтуынша, бұл 25 мыңнан астам тұрғынды негізгі коммуналдық қызметпен қамтамасыз етіп, жүйенің сенімді бола түсуіне сеп болады.

Сондай-ақ Азамат Қалдыбеков жыл соңына дейін Нұрлытау шағынауданында тәулігіне 9 000 текше метр қуаттылығы бар су тартатын жүйе мен сорғы станциясы салынып бітетінін хабарлады. Биылғы жылдың екінші тоқсанында ұзындығы 99 шақырым болатын сумен жабдықтау мен су бұру-тарату желісінің құрылысы басталады, оның 66 шақырымы — сумен жабдықтау, 33 шақырымы — су бұру желісі. Жалпы құны 19 млрд теңге болатын жоба 25 мыңнан астам тұрғынды орталықтанған желіге қоспақшы.

«Біз тұрғындарды базалық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді біртіндеп шешіп жатырмыз. Нұрлытау шағынауданында биылдың өзінде сумен жабдықтайтін негізгі нысандардың құрылысы аяқталады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын едәуір арттырып, оларды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп толықтырды аудан басшысы.

Биылғы үшінші тоқсанда Ақтөбе, Бағанашыл мен Ерменсай шағынауданында тарату желісін салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Алматы Су» МКК желісі бойынша екінші тоқсанда Бұқар жырау, Мыңбаев, Басенов, Сырғабеков көшесінде, сондай-ақ Орбита-1 мен Орбита-3 шағынауданында 7,3 шақырым сумен жабдықтау мен су бұру желісін қайта жаңғырту жұмысы басталады.

Төтенше жағдайдың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Алматы – Үлкен Алматы көлі автожолын нығайту мен қалпына келтіру, Жәңгір хан көшесіндегі су басу қаупі бар жерлерде сағатына 400 текше метр қуаттылығы бар кәріз сорғы станциясын салу, сондай-ақ Көкшоқы шағынауданы мен «Алма» тұрғын үй кешенінде тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін тереңдігі 100-ден 400 метрге дейінгі ұңғыма қазужоспарланған. Бұл жұмыстың барлығы жылдың соңына дейін аяқталып қалады.

«Бізге инфрақұрылымды дамыту ғана емес, оның қауіпсіздігі де маңызды. Су басудың алдын алу мен күрделі учаскелерде тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударамыз. Бұл жобаларды іске асыру төтенше жағдайға тап болу қаупін азайтып, ауданның тұрақтылығын арттыра түседі», — деп атап өтті Азамат Қалдыбеков.

Жылумен жабдықтау саласында 2026 жылы 10,9 шақырым жылу желісі мен бір сорғы станциясын қайта жаңғырту бойынша 18 жоба жүзеге асырылады. Жұмыс жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, мамыр айында басталып, қазан айының соңына дейін аяқталмақшы.

Инвестициялық бағдарлама аясында 154 шақырым кабель желілері жаңғыртылады, бұл қазіргі 50%-дан асатын тозу деңгейін 25%-ға төмендетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ 5,2 шақырым жерасты мен жерүсті газ құбыры қайта жаңғыртылады, бұл жұмыс екінші тоқсанда басталады.

Сонымен қатар екінші тоқсанда ауданның 18 көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жарықтандыру салу жобасы бойынша сараптама қорытындысын алады. Одан кейін үшінші тоқсанда құрылыс-монтаж жұмысы басталады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі