Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы туралы баяндады. Ауданда мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорт нысандары салынып жатыр. Бұл орын тапшылығын азайтып, тұрғындардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді.

«Оқушы орнының тапшылығын азайту аясында аудан көп еңбектеніп жатыр. Биылғы жылдың қыркүйек айында “Келешек мектептері” ұлттық жобасы шеңберінде 6100 орындық төрт жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Олар Time City, Парасат, Altyn City мен Jeti Qazyna тұрғын үй кешенінің аумағында салынады. Бұл қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетеді», — деп түсіндірді Дамир Әкежанов.

Биыл тағы үш нысанның құрылысы басталды: №170 мектепке 125 орындық қосымша ғимарат (2026 жылдың тамызында аяқталады), сондай-ақ №78 мектеп-гимназиясын 450 орынға кеңейте отырып қайта жаңарту мен №198 мектеп-гимназиясына 600 орындық қосымша құрылыс салу (бұл жобалар 2027 жылдың тамызында аяқталады). Сонымен қатар №142, №89, №74, №84 пен №20 мектепті қайта жаңартып, салу бойынша тағы бес жоба әзірленіп жатыр. Бұлар қазіргі 1770 орынға тапшылықты жоюға мүмкіндік береді.

«Біз тек жаңа мектеп салумен шектелмей, қолданыстағы білім беру нысандарын да жаңартып жатырмыз. Қайта жаңарту мен модернизациялау жобаларын қатар әзірлеудеміз. Мұндай тәсіл орын санын арттырып қана қоймай, оқу жағдайын да жақсартады. Балалар соның арқасында осы заманғы жайлы мектепте білім ала бастайды», — деп атап өтті спикер.

Балабақшадағы кезекті қысқарту үшін, қазіргі таңда 2543 орын жетіспейтінін ескере отырып, маусым айында «Қайрат» шағын ауданында 260 орындық №192 балабақша ашылады. Сонымен қатар «Алтай», «Әлмерек» пен «Жас Қанат» шағын ауданында тағы төрт балабақша салу жобасы әзірленіп жатыр.

Денсаулық сақтау саласында биыл екі нысанның құрылысы аяқталады: Айбасов көшесінде тәулігіне 200 адам қабылдайтын амбулатория мен Наманган көшесінде 500 адамға арналған емхана. Сонымен қатар жаңа амбулатория салып, қолданыстағы медициналық мекемелерді жөндеп, «Қайрат» шағын ауданында емхана салатын тағы алты жоба әзірленіп жатыр.

«Медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Біз бір нысандарды аяқтап, жаңа жобаларды қатар дайындап жатырмыз. Бұл аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады», — деп қосты Дамир Әкежанов.

Сондай-ақ ауданда «Жас Қанат» шағын ауданында Даму мен шығармашылық орталығы салынып жатыр. Ол биылғы желтоқсанда ашылады. «Авиатор» стадионы аумағындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2027 жылдың шілдесінде пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Осипенко көшесінде тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі