Алматыда биылғы бірінші тоқсанның өзінде 9 мыңнан астам адам жұмыспен қамту бағдарламасына қатысып, жыл соңына дейін кемі 51 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қалалық Еңбек мобильдігі орталығы директорының орынбасары Әділет Жанабаев осылай деді. Оның айтуынша, 2024–2029 жылға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасымен осынша жұмыс қолға алынбақ.

«Жоспарланған шаруаны іске асыру сапалы жұмыс орнының санын арттырып, жұмыспен қамтуды жақсартуға бағытталған. Біздің міндетіміз — еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санатына жұмысқа орналасатын мүмкіндігін жасап, мемлекеттік қолдауды толық орындау», — дейді спикер.

Орталыққа биыл жұмыс іздеген 22,6 мың адам жүгінген. Оның 18,7 мыңы жұмыссыз мәртебесін алыпты. Белсенді жұмыспен қамту жағына 9,1 мың адам тартылып, 7,8 мыңы тұрақты және субсидияланатын жұмысқа орналастырылған. Бизнес бастаған 406 кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасымен қолдау алып, тағы 888 адам онлайн мен офлайн форматта оқудан өткен. Кәсіптік бағдар беру жағы 3,6 мыңнан астам оқушы мен студентті қамтыған.

«Биыл қазірдің өзінде 2 820 жұмыс орны құрылды, оның 99,2%-ы тұрақты. Жалпы жыл соңына дейін кемінде 51 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның 45,3 мыңы тұрақты болады. Бұл — қаланың еңбек нарығын тұрақты дамытудағы негізгі көрсеткіш», — деп атап өтті Әділет Жанабаев.

Негізгі бағыттың бірі — кәсіби оқыту. Ол оқу орталықтарында да, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша тікелей жұмыс орнында да өткізіледі. Оқу мерзімі алты айға дейін, қатысушыларға шәкіртақы немесе жалақы төленеді.

«Қысқа мерзімді оқыту — еңбек нарығына тез бейімдеудің тиімді құралы. Мемлекет 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы немесе 20 АЕК мөлшерінде жалақы төлейді. Сонымен қатар жұмыс берушілер түлектерді кемінде алты айға жұмысқа қабылдауға міндетті», — деп толықтырды өз сөзін спикер.

Қазіргі уақытта оқуға 104 адам жіберілген, 40 сұранысқа ие мамандық бойынша тағы 516 бос орын бар. Олардың қатарында тігінші, аспаз, станок операторы мен құрылыс саласының мамандары бар екен.

«Жастар практикасы» бағдарламасы да жалғасып жатыр. Ол тәжірибесі жоқ түлектерге алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға соңғы бес жыл ішінде оқуын аяқтаған 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.

«Қатысқандардың жалақысы 30 АЕК — 129 750 теңге. Қатысу мерзімі — 12 айға дейін. Қазірдің өзінде 42 адам жолданды, электрондық еңбек биржасында 570-тен астам бос жұмыс орны жарияланған. Әсіресе білім беру, қаржы, IT, құқық пен медицина саласының маманына сұраныс жоғары», — деді Жанабаев.

Кәсіпкерлікті қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет өз ісін бастау үшін 400 АЕК көлемінде, яғни 1 730 000 теңге қайтарымсыз гранттар ұсынады.

«Гранттар әлеуметтік осал топқа жататын азаматқа бизнес-идеясын жүзеге асырып, өндірісті жолға қойіп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді. Қаражатты құрал-жабдық, керек-жарақ пен жалға алуға пайдалануға болады. Оларды тұтыну мақсатына, несиені өтеуге бермейді», — деп түсіндірді ол.

2026 жылы осындай 380 грант беру жоспарланған. Сәтті жобаның бірі — көпбалалы ана Нафиса Инкарованың кәсібі. Ол 2025 жылы грант алып, кондитерлік және аспаздық өнім дайындай бастапты. Кәсіпкер қазір торт, бәліш, ұлттық тағам мен мерекелік мәзірді тапсырыспен әзірлеп, өз ісін дамытып келеді. Бұл жоба отбасының материалдық жағдайын жақсартып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік берген.

Алматылықтар өзін мазалаған сұраққа жауапты Достық даңғылы, 85 мекенжайында орналасқан «Әлеуметтік қызметтер үйіндегі» Мансап орталығынан ала алады. Қабылдау «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі, компьютер мен интернеті бар аймақ та бар. Телефоны: 339-78-58.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі