Алматыда биыл көппәтерлі тұрғын үйлердің басқармасына 300-дей тексеріс жүргізу жоспарланып отыр. Тұрғын үйлерді күрделі жөндеу мен лифтілерді ауыстыру жұмысы да жалғасады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырханов осылай деді.
Оның айтуынша, қазір қаладағы 9,6 мың көппәтерлі тұрғын үйді 2,5 мыңнан астам нысан — ОСИ, КСК мен басқарушы компаниялар басқарады екен. Өткен жылы 265 тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 66 әкімшілік хаттама толтырылып, 37 нысан 10 млн теңгеден астам сомаға жауапқа тартылған. Биылдың өзінде 151 тексеріс басталып кетіпті.
«Тұрғын үйдің тозуына байланысты көп өтініш түсті. Уақытылы күрделі жөндеу жасамаған, құрылым мен инженерлік жүйелер ескірген, осының бәрі айналып келіп үлкен мәселеге болып отыр», — дейді Жандос Қайырханов.
Соған қарамастан қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртып жатыр. 2011–2025 жылдар аралығында 1 316 көппәтерлі тұрғын үйге (кіреберістер, инженерлік желілер, шатыр мен т.б.) күрделі жөндеу жүргізіп, 2 372 лифтті ауыстырды. Биыл тағы 100 үйді жөндеп, 45 лифтіні ауыстырғалы отыр, бұл шамамен 300 жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Тұрғын үйлерді басқару саласындағы заңнамалық өзгеріске де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «жай серіктестік» нысаны алынып тасталды, енді екі негізгі модель қарастырылған — ОСИ мен тікелей бірлескен басқару. Сондай-ақ ОСИ төрағасының өкілеттік мерзімі үш жылға дейін ұзартылып, басқарушы компанияларды тарту мүмкіндігі кеңейтілді.
Бұдан бөлек, тұрғындардың жиналысын өткізудің күндізгі және сырттай (оның ішінде онлайн) дейтін жаңа форматы енгізілді. Сонымен қатар тұрғын үй инспекциясының міндетіне жылыту маусымына дайындық пен өрт қауіпсіздігі жүйелерінің жай-күйін бақылау жағы да кіріп отыр.
Сондай-ақ қолданыстағы КСК-лар биылғы шілде айына дейін қайта тіркеуден өтуі тиіс. Ол үшін ХҚКО арқылы өтініш, жиналыс хаттамасы мен тіркеу алымының төленгені туралы құжат тапсыру керек. Белгіленген мерзімде талап орындалмаған жағдайда кооперативтерді мәжбүрлі түрде тарату рәсімі қарастырылған. Сонымен қатар заңда уақытша басқарушы компаниялар институты көзделген. Бұл жаңа үйлерге де, сондай-ақ тұрғындары басқару нысанын әлі таңдамаған объектілерге де қатысты.
Бұл бастама тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырып, тұрғындардың, басқарушы ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі