Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі» тақырыбында брифинг болып өтті. Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Римма Масырова соңғы жылдары бірлестіктердің қызметі елеулі өзгеріске ұшырағанын айтты.
Қазір олар мәдени дәстүрді сақтаумен шектеліп қалмай, жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастырып, мәдениетаралық диалогты дамытып, қоғамдық келісімді нығайтуға да атсалыса бастаған.
Спикердің айтуынша, қазіргі этномәдени бірлестіктер түрлі этнос пен буын өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасатын, бір-бірімен байланысты жандандыратын, халықтың басын қосатын алаңға да айналған.
«Біз өз тамырымызды сақтай отырып, диалог пен өзара түсіністікке жол ашамыз. Бірлік бар жерде – тірлік бар», – деп атап өтті Римма Масырова.
Спикердің айтуынша, этномәдени бастамаға деген қызығушылықты сақтау үшін осы заманғы байланыс форматын қолдану керек. Оның қатарында креативті жобалар, медиа-контент, интерактивті алаңдар мен коллаборациялар бар.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерейтойлық кешті мысал ретінде алды. Онда жастар дүнген мәдениетінің элементтерін fashion-көрсетілім форматында ұсынды. Мұндай тәсіл мәдени мұраны заманға лайықтап, қолжетімді түрде насихаттауға мүмкіндік береді.
Этномәдени бірлестіктер кең аудиторияға бағытталған мәдени және білім беру жобаларын белсенді түрде жүзеге асыруды да жалғастырып жатыр. Олардың қатарында фестивальдер, концерттер, көрмелер, ұрпақтар кездесуі, сондай-ақ білім беру мекемелерімен бірлескен бастамалар бар.
Алдағы маңызды іс-шараның бірі – 29 сәуірде Алматы қаласындағы №151 жалпы білім беретін мектеп базасында өтетін «Бір шаңырақ астында» фестивалі. Фестиваль аясында этномәдени бірлестіктердің көрмесі мен мәдени әртүрлілікті насихаттауға бағытталған бағдарламалар ұсынылады.
Сондай-ақ, спикер этномәдени бірлестіктер өкілдері қалалық және республикалық іс-шараларға белсене қатысып, өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын енгізіп, этносаралық диалогты нығайтып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Алматы тарихи тұрғыдан ашық әрі серпінді этносаралық орта қалыптасқан бірегей алаң болып отыр. Мұнда әртүрлі этнос өкілдері өз мәдени бірегейлігін сақтап қана қоймай, мәдениет, білім беру мен қоғамдық қызмет саласында бірлескен жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
«Алматыны мәдениеттер үйлесіммен өмір сүрген қала ретінде мысалға келтіруге болады. Бұл күнделікті өмірде, ортақ бастамалар мен адамдардың бір-біріне деген құрметінен анық көрінеді», – деп түйіндеді Римма Масырова.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі