1 мамыр күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында V «Гүл Алматы – 2026» хор өнерінің фестивалі өтпек. Бағдарлама мен оған қатысатындар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль хор өнерін дамытып, жас орындаушыларды қолдайтын алаң ретінде қалыптасты. Биылғы мерейтойлық бесінші маусымда ұйымдастырушылар репертуарды кеңейтуге басымдық беріпті.

Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының дирижері Әсет Ахметов фестивальдің жыл сайын көптеген хор ұжымының басын қосып, үлкен аудитория жинайтын маңызды алаңға айналғанын атап өтті.

«Гүл Алматы» фестивалі бірнеше жылдан бері көктемде қаладағы хор ұжымдарының басын қосып келе жатыр. Бағдарлама классикалық хор музыкасынан бастап осы заманғы композиторлардың да шығармаларын қамтыған. Екі күн бойы зал толып, көрермендер арасында ересектермен қатар жастар да болады», — дейді ол.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының хор жетекшісі Ян Рудковский фестивальдің кәсіби ортадағы маңызына тоқталды.

«Гүл Алматы» бір сахнада балалар мен кәсіби ұжымдарды біріктіріп, ұрпақ арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, орындаушылық деңгейдің өсуіне ықпал етіп жатыр», — дейді дирижер Әсет Ахметов.

А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының хор дирижерлау бөлімінің меңгерушісі Айнұр Уалиханқызының айтуынша, фестиваль жас орындаушыларға сахнада тәжірибе жинап, еліміздің жетекші ұжымдарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Фестиваль жыл сайын қатысушылар географиясын кеңейтіп, хор орындаушылығының жалпы деңгейін арттырып келеді.

Бағдарлама қазақстандық композиторлардың шығармасын, Алматыға арналған әндер мен әлемдік хор классикасын ұсынады. Сахнада «Көкек», «Көктем» сияқты балалар ұжымдары, А. Жұбанов атындағы РСММШИ хоры, сондай-ақ «ALAKOZ» камералық хоры, «Княжичи» ерлер хоры, Құрманғазы атындағы консерваторияның үлкен хоры мен басқа да кәсіби ұжымдар өнер көрсетпек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бесінші рет өткізіліп отырған фестиваль хор мектептерінің тәжірибе алмасып, Қазақстандағы балалар шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі