Демалыс маусымы қарсаңында шетелге сапарға шығатын Алматы тұрғындарына инфекциядан сақтанудың жолын түсіндірді. Мамандар холера, денге қызбасы, ротавирустық және өзге де ішек инфекциясының алдын алуға қатты көңіл бөліп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезге эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жайдаркүл Отарбекова осы туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, жаз мезгілінде күн ысып, азық-түлікті де дұрыс сақтамай, сапасыз суды пайдаланып, оның үстіне туристердің саны да көбейетіндіктен ішек инфекциясын жұқтыру қаупі де едәуір артады екен.

Жайдаркүл Отарбекова холераны ең қауіпті инфекцияның бірі дейді. Бұл ағзаның қатты қаңсуымен қатар жүретін, өлімге әкелуі мүмкін ішек ауруы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда әлемде холера жұқтырған 51 мыңнан астам адам тіркеліп, 626 адам осы аурудан ажал құшыпты. Ауру негізінен Африка мен Азияда көп тараған.

«Көбіне лас су ішіп, көкөніс пен жемісті жумай жеп, тазалыққа дұрыс қарамағаннан болады бұл. Сондықтан сапар кезінде шөлмектегі суды, қайнаған су ғана ішіп, күмәнді тағамға жоламаңыз», — деп ескертті спикер.

Мамандар туристерге мұзды да бей-берекет пайдаланбауға, қолды мұқият жуып, жақсы піскен тамақты жеп, көше тағамдарынан бас тарту керектігін айтады. Әсіресе ластанған су айдынында шомылмауға шақырып отыр.

Сонымен қатар Денге қызбасының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары бұл ауру тропикалық және субтропикалық елдерге баратын туристердің арасында көп тіркеліпті.

ДДҰ деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында әлемде Денге қызбасын жұқтырған 874 мыңнан астам адам тіркеліп, оның 603-і өліммен аяқталған. Ең күрделі жағдай Таиланд, Индонезия, Вьетнам, Үндістан, Шри-Ланка, Пәкістан пен Филиппинде байқалып отыр.

Спикердің айтуынша, инфекция негізінен күндізгі кезде маса шаққаннан тарайды. Ауырған адамның ыстығы көтеріліп, басы, бұлшық еті мен буындары ауырып, әлсіз болып қалады. Кейде ауруы асқынып та кетеді.

«Денге қызбасының алдын алу үшін туристер репелленттерді пайдаланып, ашық түсті жабық киім киюі, москит торлары немесе кондиционері бар орындарды таңдап,е тұрып қалған су жиналатын жерлерден аулақ болуы қажет», — деді Жайдаркүл Отарбекова.

Сондай-ақ дәрігерлер жазда ротавирустық және өзге де ішек инфекциясының алдын алу қажеттігін еске салды. Тұрғындарға тазалықты сақтап, көкөніс пен жемісті жақсылап жуып алып, азық-түліктің сақтау мерзімін бақылап, рұқсат етілмеген сауда орындарынан тағам сатып алмауды ұсынды.

Мамандар ыстығы көтеріліп, құсып, іш өтіп, бөртпе немесе қатты әлсіздік пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігерлерге шетелде болғаны туралы міндетті түрде хабарлау қажет екенін айтты.

 Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі